2018 жылдың қыркүйек айының 14-жұлдызында кітапханамыздың мәжіліс залында  Қазақстан халқының Тілдері күніне арналған «Мәңгілік елдің – Мәңгілік тілі» атты «Білімпаздар» интеллектуалды-танымдық ойыны өтті. Ойынға облыстың бетке ұстар дерлік оқу орындарының ішінен ҚМББ «Болашақ» колледжінен «Future in youth» тобы және  Қарағанды Банк колледжінен «Жалын» тобы білім жарыстырып, бақ сынасты. Ойынның алғашқы беташарын Тәттімбет атындағы колледждің студенті Тұяқ Шерхан қасиетті қара домбырамен ашты. Ойынның ережесі бойынша екі командаға қоғам талабына сай үштілділікке арналған байқаулар ұсынылды. Ортаға қазақтың иісі сіңген асықпен жеребе тасталып, ойынды «Жалын» командасы бастайтын болып шешілді. Алғашқы «Визиттік карта» геймінде – қатысушылар ауызша өздерінің оқу орындарымен, өзінің қызығушылықтарымен таныстырды. Екінші «Тіл және ұйқас» геймінде командалар асқан жылдамдықпен өзге тілді өз тіліне аудара отырып, сөздерді ұйқастырды. Екі кезеңнің жалпы ұпай саны бойынша екі команда да бір жерде мүдеріп қалып, тең түсті.

Ойынның ең күрделі бөлімі «Қасиетті төрттік» атты 3-ші геймнің тапсырмалары теле-таблоның экранында 4 категория бойынша ұсынылды: «Тіл-әдебиет», «Салт-дәстүр», «Қазақстан» жəне «Тамырлы тарих».

Студенттер əр түрлі сұрақтарға жауап берді. Əр жауапқа қиындылығы бойынша 10 баллдан 50 баллға дейін берілді. Аталмыш бөлімде көптеген күрделі сұрақтарға жауап беріп, осы кезең бойынша 230/190 ұпаймен Қарағанды Банк колледжінің «Жалын» тобы алға қарай оза шапты. «Полиглот» 4-ші геймінде әр топқа тең дәрежедегі жұмбақтар ұсынылды. Командалар жұмбақтарды шеше отырып, орыс және ағылшын тіліне аударды. Бұл бөлімде қатысушыларға тілді аудару емес, жұмбақты шешу қиынға түскені айқын байқалды. Тапсырманы бірінші топ орындай алмаған жағдайда екінші топқа мүмкіндік берілген болатын. Осыны өз пайдасына жаратқан «Жалын» тобы 265/205 ұпаймен жеңісті тақымына қыса түсті. «Сөз тапқанға...» атты соңғы геймде командалар үшін тіпті қызықты сайыс болды. Үстел үстінен жасырын әріптерді таңдап алған қатысушылар қойылған қарапайым сұрақтарға қолында көрсетілген әріптен басталатын сөздермен жауап берді. Білімнің шыңына таласқан екі топ осы бөлімде бойларын сергітіп, командалар да, көрермендер де күлкіге қарқ болды. «Жалын» тобы екі жерде сүрініп кеткен болса, «Future in youth» бір жерде мүлт кетіп, бұл бөлімде 125/130 ұпаймен «Future in youth» тобы алға түсті.

Екі команданың ойыншылары ойынға өте жоғары дәрежеде дайындалған. Оған қатысушылардың киім үлгілері, жасаған эмблемалары мен бөлімдердегі сұрақтарға асқан жылдамдықпен жауап беруі дәлел. Қазылар алқасы қорытынды ұпайды шығарғанша сахна бос тұрмады, ортаны поэзия әлемі жаулап алды. Өлең сүйер, өнер сүйер қауымды өр үмітті жастар осылайша жырмен сусындандырды. Бүгінгі күні Қарағанды Банк колледжінің «Жалын» командасы 390/335 ұпаймен жеңімпаз болып атанды. Ойын жеңімпаздарына диплом берілді, ҚМББ «Болашақ» колледжінің «Future in youth» командасы мадақтау қағазымен марапатталды. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға сыйлықтар табыс етілді.

Ойын барысында музыкалық жəне поэзиялық нөмірлер ұсынылды. Қарағанды Банк колледжінің студенттері Сәлім Рауан, Дауытова Сания, Тәттімбет атындағы колледждің студенті Тұяқ Шерхан өзіндік өнерлерін паш етіп, белсене қатысқандары үшін алғыс хаттармен марапатталды. Тартысты ойын көрсете білген қатысушылар көрермендердің зор қошеметіне ие болды. Осылайша қоғамда бәсекеге қабілетті Жас Білімпаздардың сайысы өз мәресіне жетті.