2018 жылдың 12 желтоқсанында Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында жылда дәстүрлі түрде өткізілетін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған «Елдіктің ерендігі – Егемендік» атты «БОТА-Эрудит»  интеллектуалды шоу ойыны өтті.

Мерекелік шарада Қазақстан Республикасының Ән ұраны шырқалып, кітапхананың басшысы Каленова Нұргүл Қасымханқызы алғашқы сөз кезегін алып, кештің шымылдығын ашып берді. Ойынға Қарағанды Политехникалық колледжінің батыр жігіттерінен құралған – «Жігер» тобы және Қарағанды Сән колледжінің қылықты қыздарынан топтасқан – «Жас Ұлан» тобы сайысты. Тартысты бәсекеге өзіндік бағасын беріп, қазылығын айтқан Қазылар алқасында: жасөспірімдерге қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі – Мурзатаева Бақыт Қазбековна,  кітап қоры бөлімің меңгерушісі – Казтаева Қаршыға Сайлауовна және жоғары санаттағы суретші-көркемдеуші – Сейсембекова Нуризат Нурлыгаиновна болды.

Алғашқы кезеңде «Визиттік карта» бөлімінде сайыскерлер өз топтарын, есімдері мен оқу орындарын, топтың мақсат-міндеттерін таныстырып өтті. Осы бөлімнен бастап «Жігер» тобының жігіттері өздерінің белсенділіктерімен көзге түсті. Ойыншылар сахнаға бойларын үйретіп алғанша сахна төрінде «Көк тудың желбірегені» әнімен «Мейірімді Жастар» қайырымдылық клубының мүшесі Сұлтан Нұрғазы сайыскерлер мен жанкүйерлердің рухтарын бір көтеріп тастады.

Ойынның екінші кезеңі «Табло» сайысында ойыншылар  4 категория бойынша бақ сынасты.

Үшінші кезеңде «Қазақстанның тұлғалары» диірмен сайысында сайыскерлер ортада тұрған диірменді айналдыру арқылы сұрақтар мен тапсырмаларға жауап берді.

Төртінші кезең «Елбасы сөзі – елдіктің көзі» бөлімінде шашылған қағаздардан Елбасының ұлағатты сөзін құрастырып шықты.

Бесінші кезең «Пікірталас» – «2019 жыл – Жастар Жылы» деген тақырыптағы ой таластыру сағатында да тең түсті. Бесінші бөлімнен кейін қазылар алқасы сөз сөйлеп, бүгінгі сайыстың тартымды тұстары мен түртіп алар жерлерін атап өтті.

Мәреге 150/54 ұпаймен Политехникалық колледжінің батыр жігіттерінен құралған «Жігер» ие болды. Екі топ та дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.  Кештің нүктесін Сұлтан Нұрғазының орындауындағы «Атамекен» әні қойды.  

«Елдіктің ерендігі - Егемендік» атты  «Бота Эрудит» интеллектуалды ойыны аясында, Қазақстан Республикасының астанасы - Астана қаласының 20-жылдығына арналған «Мен және менің Астанам» атты селфи стиліндегі жастарға арналған облыстық интернет-фотобайқауының жеңімпаздары марапатталды.