14 мамырда кітапханамызда «Қазақстандағы Желтоқсан (1986) көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» - «Историческое и международное значение декабрьского (1986) восстания в Казахстане» жинағының таныстырылымы өтті.

Бұл жинақта Астана қаласында 2016 жылғы 25 қазанда Тәуелсіздіктің 25-жылдығы мен Көтерілістің 30-жылдығы қарсанында өткен және Қазақстан тарихшылары ассоциациясы, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты және «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорымен ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік конференциясының материалдары енді.

Жинақта Қазақстан, Қырғызстан, Польша, Венгрия, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Монғолия, Украина, Өзбекстан қоғам қайраткерлерінің, ғалымдарының, зерттеушілерінің, жазушыларының баяндамалары және көтеріліске қатысушылардың естеліктері енді.

Конференцияның қорытындылары бойынша қабылданған резолюцияда басылып шығарылған жинақ еліміздің кітапханалары, оқу орындары мен ғылыми мекемелерге таратылуы қажет деп белгіленген. Ресми танысытырылымдар Астана қаласының кітапханаларында өткізілді.

Қарағанды қаласында Желтоқсан қаһарманы Ақбөпе Базарбайқызы Балгимбекова іс-шараның ұйымдастырушысы және модераторы болды.

Ж. Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында өткен «Тәуелсіздік таңы - желтоқсан» таныстырылымына: Асқар Сағынаев, Құрманғазы Айтмырза (жинақтың редакциялық кеңесінің мүшесі), Ахметқали Халенов, Әбдуқайым Бердеш, Арапбек Қарабекұлы, Ширинов Абдиманап, Жарылкасын Нұралыұлы Елениязов желтоқсан оқиғаларына қатысушылар шақырылды. Олар өздерінің естеліктерімен, Алматыда, Қарағандыда желтоқсан оқиғалары қалай өткендігі туралы әңгімелеп берді.

Жиналған аудиторияның алдында Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің аға ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Болат Сыздық және Қарағанды «Болашақ» Академиясы тарих және әлеуметтік-саяси пәннінің окытушысы Әлия Үкіжанқызы Әупенова сөз сөйледі. Б.Сыздықтың «Қазақ Республикалары және желтоқсан көтерілісі» және Ә.Әукенованің «Желтоқсан – водораздел новейшей истории Казахстана» баяндамалары конференция материалдары жинағына енді.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның басылып шығарылған материалдарының жастар үшін үлкен тәрбиелік мәні бар. Желтоқсан көтерілісі Қазақстан тәуелсіздігі мен егемендігінің нышаны болды.

Медицина университетінің студенттері желтоқсан оқиғаларының қатысушыларына алғыстарын білдіріп, Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерліктеріне құрмет көрсетті.