ХХ ғасырдың 30-40-жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін миллиондаған адамға қайғы-қасірет әкелді.
Қазақ халқының көрнекті перзенттері жазықсыз жазаланып, атылды.
Олардың қатарында А. Байтұрсынов, А. Бөкейханов, Т. Рысқұлов, О. Жандосов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, Б. Майлин, І. Жансүгіров сынды біртуар перзенттеріміз бар. Қатал тоталитарлық жүйенің барлық ауыртпалығын қазақ халқымен бірге жер аударылған 1,5 миллион неміс, поляк, корей, чешен, түрік, грек және басқа да халықтар өкілдері көтерді.
Ал сол бір қасіретті жылдарды есте сақтау бүгінгі және келер ұрпақтың парызы екендігі сөзсіз. Сондықтан 1997 жылдан бері жыл сайын 31 мамыр Қазақстанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып келеді.
Осы орайда Ж. Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында 29 мамырда халықаралық «Memory» жобасы аясында ұйымдастырылған «Тағзым эстафетасы» акциясы өткізілді.
Қарағанды Мемлекеттік медицина университетінің студенттері, Қарағанды машина жасау колледжінің студенттері, №41 ЖББОМ оқушылары, «БОТА» жастар орталығының мүшелері ат салысқан іс-шара, кітапхана алдында өткен митингіден бастау алды. Кітапхана басшысы Нұргүл Қасымханқызы митинг мақсатымен түсіндіріп, тарихымыздың қасіретті беттері, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын әрқашан мәңгі есте сақтау және оны ұмытпау біздің парызымыз екендігіне тоқталды. ҚарМУ-нің аға оқытушысы Смағұлов Нұртас Бірлікұлы зұлмат жылдардың тарихына тоқталды. Жазушы, журналист, аудармашы Жайық Кәгенұлы Бектұровты да осы зұлмат жылдардың оты шарпыған еді. Адам төзгісіз азапты жылдарды қаламгердің «Ыстық карцерде», «Суық карцерде», «Қарындасқа хат» атты өлеңдері боямасыз ашық жеткізеді. Көпшілікке ақын Руслан Нұрбай, Қарағанды құрылыс колледжінің студенті Аманжолова Роза, №41 мектеп оқушысы Дәулетбек Байтұрсынұлы саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына арналған өлеңдерін оқығанда тебіренбеген адам кемде-кем. Сонымен қатар атаулы іс-шараға қатысушыларға «Ақиқатқа арналған ата баба арманы» атты кітап көрмесіне шолу жасалды. Осы атаулы күні жазықсыз құрбандарды еске алып, рухтарына тағзым етуде, Долинка к. «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау» мұражайына экскурсия ұйымдастырылды. Азапты жылдардың сырын ішіне бүккен бұл орын талай тарихтың, талай шындықтың куәсі екені даусыз.
https://uniorlib.kz/index.php/kz/2017-07-11-05-27-39/11-zha-aly-tar/506-29-mamyr-2018#sigFreeId1bf8ddb68e