Тамыз айының 8-і күні Қарағанды қаласындағы «Үміт» балалар үйінде қызметкерлер мен тәрбиешілер арасында «Латынға көшу - заман талабы» - «Переход на латинскую графику - веление времени» тақырыбымен көшпелі түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды.
Латын әрпін насихаттауға арналған шараны кітапхананың жасөспірімдердің қатынастары және көпшілік жұмыс бөлімінің жетекшісі Н. Ф. Шмойлова ашты. Сондай-ақ шараны одан әрі жалғастырып сөз сөйлегендер педагог-саясаттанушы Айдос Бәдел мен кітапханашы Камшат Хасен болды. Олардың баяндамалары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 26 қазандағы «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына, сонымен қатар 2018 жылғы 19 ақпанда енгізілген өзгерістерге негізделіп құрылды.
Іс-шара барысында қазақ тілінің кезең-кезеңмен латын қарпіне көшуі, қазақ тілінің коммуникация құралы ретінде ғана емес, рухани жаңғырудың, ұлттық сәйкестікті бекітудің қуатты факторы ретінде барлық әлеуетін ашатын жаңартылу қажеттілігі екені айтылды, тіл саясатының тұрақтылығы, латын әріптерінің ерекшеліктері мәселелеріне назар аударылды. Қазақстанда латын әліпбиін меңгеру мен бекіту мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында латын графикасы негізінде қазақ тілі бойынша республикалық акция – жалпыұлттық диктант өз бастамасын алды. Шараға қатысушыларға латын жазуын пайдаланып интерактивті тақтада орындауға бірнеше тапсырмалар ұсынылды. Осы тақырып бойынша сұрақтар қойылды, мысалы: «Латын жазуына көшуде қандай қиындықтар туындауы мүмкін?» , «Қазақ әліпбидің латын қарпіне көшуі жөніндегі арнайы комиссия халықпен қандай жұмыстар өткізеді?», «Қандай нәтижелер күтілуде?» және т.б.