Қарағанды қаласының Жастары арасында «БОТА» интеллектуалды Жастар орталығының есімі ерекше аталатыны көпке аян. Бүгінде аталмыш орталықтың белсенді жастары бір ай бойы қызу дайындықпен жүріп, Теміртау қаласындағы орталық мешіттің қарамағындағы Балалар үйіне күні кеше, яғни 2018 жылдың қазан айының 28 жұлдызында барып, тағы бір игі істі тыңдырып келді.

Балалар үйінде 7 жастан 17 жасқа дейінгі 25 бала тәрбиеленіп отыр. Арнайы дайындықпен барған Жастар тек концерттік бағдарламамен шектеліп қалған жоқ. Кештің шымылдығы қасиетті қара домбырамен ашылып, ересектерге арналған қызықты ойындармен жалғасын тапты. Бірнеше ойын арқылы жеңгендерге де, жеңілгендерге де сыйлық таратқан Жастардың ішкі ниеті – балаларға қажет дүниелерді таратып шығу болды. Ойынмен, бимен, интеллектуалды сұрақтармен көңілдері көтерілген балалар өз өнерлерін де көрсетті. Шара барысында спорт та тысқары қалған жоқ. Жаны жібек Жастар логикалық сұрақтарға асқан шапшаңдықпен жауап берген Алиса есімді қызға және ер балалардың спортқа деген құштарлығына тәнті болды. Қызыққа тойған Жастар мен балалардың қоштасуға таяр уақытында дөнгелене отырып, әңгіме-дүкен құрды. Дәл осы арада балалар да өзіндік ойларын ашық айтып, шексіз ризашылықтарын білдірді, Жастарға ыстық тілектерін айтып, байланыста болуларын өтінді. Жастар балаларға әкелген тәтті-дәмді, балалардың күнделікті тұрмыстарына қажет ұсақ-түйек заттарды және естелікке сыйлықтарын қалдырып, қимастықпен және көңілдеріндегі зор қуанышпен қоштасып, Қарағандыға қайтты.

«Бұл бастамасы. Әлеуметтік желіде ашылған «Мейірімді Жастар» тобы жойылмайды. Әр айдың соңында қайырымдылық жасауды дәстүрге айналдырмақпыз. Мейірім шуағын шашамыз деген жастарды қатарымызға қосамыз! Келіңіздер!» дейді Каменова Жансая өз сөзінде.

Біздің ұжымның атынан БОТА-лықтар Ерғали Манапқа, Жасқайратұлы Тәттімбетке, Алшынбеков Нұрханға, Өмірзақ Еркебұланға, Қарабек Әйкерімге, Каменова Жансаяға, Мұстафаева Жібекке, Мизамедин Айнаға, Ақтаева Мөлдірге шексіз алғысымызды білдіреміз! Жүректеріндегі мейірім шуағы лаулау берсін!