2021 жылдың 23 сәуірі күні сағат 15-00де Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығын, Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының 45 жылдығын, «БОТА» жастардың интеллектуалды орталығының 25 жылдығын мерекелеу аясында «Жастық жалыны» атты әдеби кездесу өтті.

Шара кітапхананың білім орталығы залында, сонымен бірге ZOOM платформасында өтті. Шараға «БОТА» орталығының құрылуына атсалысқан адамдар, кітапханашылар, оқырман жастар қатысты.

Кеш барысында «БОТА» орталығы жастарының кітаптарынан «Өр үмітті жастар» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, көгілдір экраннан 25 жылдық тарихы бар «БОТА» орталығының жұмыстарынан естелік ретінде бейнеролик көрсетілді.

Аталған шара Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жұмакенов Еркебұлан Қайроллаұлының құттықтау сөзімен басталды. Кешке қатысып отырғандарға Қарағанды көлік-технологиялық колледжінің 1 курс студенті Қазыл Ұлан халық әні «Көзінің мөлдірін-айды» ән-шашу ретінде тарту етті. Сонымен бірге, Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының басшысы Каленова Нұргүл Қасымханқызы да кешке қатысып отырғандарды құттықтады. Арнайы шақырылған қонақтар өздерінің естеліктерімен бөлісіп, жас оқырмандарға жақсы тілектерін білдірді. Атап айтатын болсақ, кітапхананың алғашқы директоры, мәдениет саласының үздігі Белғожанова Роза Рысханқызы – кітапхана «жасөспірімдер кітапханасы» болып құрылған кездегі қиындықтар,  сол кездері қолұшын берген ұйымдар мен белгілі азаматтар жайында айтып өтті. «БОТА» орталығының алғашқы жетекшісі Жұмай Жадыра Сембекқызы – 1996 жылы қыс мезгілінде осы орталықтың қандай жағдайда құрылғаны , сол кездегі жастар Ерлан Төлеутаев, Мартбек Тоқмырза, Омар Жалел, Мейрамхан Жапек және т.б. студенттермен бірлесіп атқарған жұмыстары, демеу болған адамдар жайында тоқталды. «БОТА» орталығы алғаш құрылғанда ең бірінші болып кітапхананың алғашқы кітапханашысы Байсеркеева Шолпан Кишеновна  демеушілік көрсеткен екен. Ол кезде Шолпан Кишеновна кітапхананың кітап қорын сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған кезі екен. Орталыққа қажет кітаптармен қамтамасыз еткен. Өз сөзінде Шолпан Кишеновна орталыққа еш қатысы болмаса да сол кездері жастармен бірге  қызықты жұмыс істегені жайында айтып өтті. Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген Худайбердиева Гүлсім Бектемірқызы – бірнеше жыл бойы кітапханада қызмет атқарып, «БОТА» орталығында жетекшілік етті. Қызықты естеліктеріне тоқталып, жас оқырмандарға тілегін білдіріп, жастармен жұмыс қызықты әрі тартымды екеніне тоқталды. Сондай-ақ, бұл кездесуге «БОТА» орталығының алғашқы мүшелері: ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Руслан Нұрбай, : ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Кайрат Асқар, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Кеңесбекова Салтанат,  ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Бағдат Мүбарак, ҚР Журналистер одағының мүшесі Кеңесбеков Ерқанат, Алматы қаласы Халықаралық Бизнес Университетінің оқытушысы, жас ақын Өміртай Еділхан, Саран қаласы №4 Абай атындағы ЖББОМ директоры Әділ Жакулаев, Доскей ауылынан арнайы келген Доскейтанушы, ақын Оразбек Мақсұтұлы, Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз маманы Ләзат Қожахметова, Қарағанды облысы әкімдігі аппаратының бас маманы Жұмжұмаев Нұржан, Қарағанды құрылыс колледжі қазақ тілі пәнінің мұғалімі Қарабаева Әйгерім, Бекарыс Жұмабекұлы,  ZOOM платформасы арқылы Нұр-Сұлтан қаласынан ҚР Журналистер одағының мүшесі Төлен Тілеубай, Алакөл аудандық маслихатының депутаты, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Қадырсұлтан Нүсіпхан, Көкшетау қаласынан дәстүрлі әнші Шыңғыс Сәрсенбай, Бақыт Шотов және т.б. жастар қатысып, өз естеліктерімен бөлісті, сол кездері жазылған өлеңдерін оқып, кейінгі жастарға тілектерін білдірді.

Кітапхана басшысы Каленова Нұргүл Қасымханқызы шақырылған қонақтарға алғыс айтып, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының арнайы дайындаған естелік сыйлықтарын табыстады.

Кеш соңында Қарағанды көлік-технологиялық колледжінің 1 курс студенті Қазыл Ұланмен бірге барлық қатысушылар «БОТА» орталығының алғашқы мүшесі, ақын Қайрат Асқардың сөзіне жазылған «БОТА әнұранын» орындады.

#Бектуровка#Жасөспірімдеркітапханасы  #Бота   #жастарорталығы   #жастықжалыны  #өрүміттіжастар