Ақпарат

31 мамыр – Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі - миллиондаған адамның өмірін қиған жаппай саяси қуғын-сүргін жылдарын және қасіретті ашаршылықты еске алу күні.

2021 жылғы 24 мамыр күні ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласы аясында Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында "Зұлмат жылдар қасіреті" атты тарихи-танымдық кеш өткізілді. Онлайн-кездесу ZOOM платформасында өтті.

Іс-шараның модераторы тарихи ғылымдарының кандидаты, Болашақ академиясының жалпы білім беру пәндер кафедрасының меңгерушісі Қасенов Еламан Балтаұлы болды.

Іс-шара тоталитарлық режимнен қаза тапқандарды еске алу және жастарды қазақ халқының өміріндегі қайғылы, күйінішті оқиғалармен таныстыру, жастарды демократия, бостандық, жеке басының қадір-қасиеті, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу рухында тәрбиелеу, ерлік пен аға ұрпақтың өмірі үлгісінде жас ұрпақты патриоттық тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды.

Online-кездесуге: Сәуле Сүйіндікқызы Қасымова, тарих ғылымдарының кандидаты, Қарағанды техникалық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, Зәуреш Ғалымжанқызы Сақтағанова, тарих ғылымдарының докторы, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры және Гүлнұр Шамерденқызы Төлепбергенова, Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Ақмол ауылынан саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының "АЛЖИР" мемориалды-мұражай кешенінің экскурсия жетекшісі қатысты.

1930 жылдардың басында Қазақстан өз тарихындағы ең қаралы беттердің бірі - 1932-1933 жылдардағы Ұлы ашаршылықты басынан өткерді, Қазақстандағы ашаршылық еріксіз ұжымдастыру саясатына байланысты бүкіл КСРО – ны қамтыған Бүкілодақтық ашаршылықтың бір бөлігі болып саналғанына қарамастан, қазақ халқы ашаршылықтан қатты зардап шекті.

         Іс-шара барысында бұл тақырыпты Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Зәуреш Ғалымжанқызы Сақтағанова егжей-тегжейлі баяндап берді.  Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының "АЛЖИР" мемориалды-мұражай кешені бойынша виртуалды экскурсия қатысушыларға үлкен әсер қалдырды. Экскурсия барысында заңсыздық дәуіріндегі мыңдаған жазықсыз құрбандар туралы мәліметтер берілді, олардың қатарында Азиза Рысқұлова мен оның анасы Арифа Есенғұлова, Дәмеш Жүргенева, Рабиға Асфендиярова, әнші Лидия Русланова, дыбыссыз кино актрисасы Лидия Френкель, жазушы Галина Серебрякова және т. б. болды. Сондай-ақ, іс-шараға қатысушылар "Алаш Орданың" саяси қызметіне және 1905-1916 жылдардағы қазақ зиялыларының саяси қызметіне арналған "Алаш" залдарымен, Кеңес өкіметінің орнатылу кезеңіне, шаруалардың ұжымдастырылуы трагедиясына, 30-жылдардағы ашаршылыққа, "1937-1938 жылдардағы Үлкен террорға", Отанын сатқандардың әйелдерінің Ақмола лагерінің тарихына, сол жерде кінәсіз өмір сүрген әйелдерге арналған "Алжир" залымен, тоталитарлық жүйенің өз халқына қарсы геноцидін: 1932-1933 жылдардағы ашаршылық, Семей ядролық полигоны мен Ауған соғысының қайғылы салдары, Аралдың экологиялық апаты тақырыптарын жан-жақты ашатын "Тозақтың азабы" шағын залымен таныстырылды. Мұражай-мемориалдық кешенде Тәуелсіздік тақырыбы басты орын алады, оған "Ата-баба арманы" бөлімі арналған.

Шақырылған қонақтар 30-шы жылдардағы қайғылы оқиғалардың себептеріне, Қазақстанға жер аударылған халықтар, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың тағдырына тоқталды. Тарихшылар Қазақстан тарихындағы ауыр және қайғылы кезең туралы жаңа деректермен бөлісті. Баяндамашылар өз баяндамаларында тоталитарлық режим жасаған қылмыстардың ауқымы туралы объективті түсінік жасау үшін сол кезеңнің сақталған тарихи дәлелдерін мұқият зерделеудің маңыздылығын атап өтті. Миллиондаған адамның өмірін қиған жаппай саяси қуғын – сүргін мен жан түршігерлік ашаршылық - Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі екені сөзсіз. Өтіп кеткен жылдардағы оқиғалар туралы естеліктер ешкімді бей-жай қалдырмады, кеш барысында іс-шара қонақтары онлайн-аудиторияның сұрақтарына жауап берді.

Сөз айтқандардың әңгімелеріне сүйемелдеу ретінде электрондық презентация ұсынылды. Іс-шараға арнайы «Зұлмат жылдар қасіреті» атты кітап көрмесі безендірілді.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні алдыңғы ұрпақтарымыз қандай сынақтарды басынан кешіргенін еске салады және егемендігіміздің жетістіктерін ұғынуымызға көмектеседі. Әрине, олардың ең бастысы қоғамдағы бейбітшілік пен келісім болып табылады. Қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу қазақстандықтардың қазіргі ұрпағы үшін қасиетті және оның маңыздылығы әрқашан осындай болып қала береді.