Ақпанның 16-сында кітапхананың мәжіліс залында Қазақстан Республикасының БҰҰ-на мүше болып қабылдануының 25-жылдығын, ҚР Мемлекеттік Рәміздері бекітілгенінің 25-жылдығын атап өту аясында  «БОТА» жастардың интеллектуалдық орталығы мүшелерінің күшімен  жастардың қазақстандық отаншылдық, азаматтылық, толеранттылық, өз жерінің тарихына деген құрмет сезімдерін қалыптастыруға бағытталған «Жастықтың жігері – келешек кепілі» атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды.

Іс-шараға Қарағанды мемлекеттік политехникалық университетінің, Қарағанды көлік-технологиялық, банктік, техника-құрылыс колледждерінің студенттері, «БОТА» жастардың интеллектуалдық орталығының мүшелері, кітапхананың оқырмандары мен қызметкерлері қатысты.

Құттықтау сөзімен Ж.Бектұров атындағы ОЖК директоры Н.К. Каленова шықты.

Жүргізушілер Мускинов Ерасыл мен Мейрамова Қуаныш Тәуелсіз еліміздің 20 жылдық шежіресі, саяси тұрақтылығы, қазақстандық отаншылдығы, экономикалық дамуы мен қоғамдық келісімі туралы айтып берді. Республикамызда ұлтаралық және дінаралық келісімді, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауда маңызы зор бірегей қоғамдық институт – Қазақстан халқының Ассамблеясының қоғамдағы ролі туралы кеңінен айтылды.  

Іс-шараға қатысушылардың назарларына «Қазақстан және Біріккен Ұлттар Ұйымы», «Мемлекетттік рәміздер – елдігіміздің мақтанышы» атты екі бөлімнен құрылған көрнекі кітап көрмесі және «Мемлекетттік рәміздер» бейнеролигі ұсынылды. Жастар аудиториясы бейнероликті тамашалап, мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі - мемлекеттік рәміздер Қазақстан халқының рухани құндылықтарын, жерінің байлығын және тарихының баяндылығын көрсететін мемлекетіміздің мызғымайтын негіздерінің бірі болып табылатындығын тағы да естеріне түсірді.

Аудитория Мускинов Ерасыл орындауындағы патриоттық және эстрадалық әндерді тамашалады.

Іс-шараның соңында қонақтар кітапхана бойынша экскурсияға шақырылды.