Мамыр айының 31-жұлдызы ХХ  ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Елімізде  1997 жылдан бері Президент Жарлығымен бекітіліп, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып келеді. Осы орайда кітапхана халықаралық «Memory» жобасы аясында боздақтар рухына тағзым етіп,  «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау» мұражайына экскурсия ұйымдастырды. «Сиек кітаптар мен қолжазбалар және мұражай жәдігерлері» секторы өткізген  іс-шараға 46 адам қатысты. Медициналық интерколледж студенттері, Қарағанды машина жасау колледжінің студенттері, №65 ЖББОМ оқушылары, №48 мектеп оқушылары, кітапхана қызметкерлері  ат салыстықан  шара мекеме алдында өткен митингіден бастау алды. Жалпы іс-шараның мақсаты жастарға  тарих бетінде қара таңбамен қалған зобалаң жылдардан мағұлымат беру, жастар санасына қозғау салу, жастарды отан сүйгіштікке тәрбиелеу. Бұл дата Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие. «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың арасында қазақ зиялылары: ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды. Кітапхана басшысы Нұргүл Қасымханқызы  митинг мақсатымен түсіндіріп, бұл датаны мәңгі есте сақтап, балабар рухына тағзым етуіміз керектігін айтты.

Жазушы, журналист, аудармашы Жайық Кәгенұлы Бектұровты да осы зұлмат жылдарың оты шарпыған еді. Адам төзгісіз азапты жылдарды қаламгердің «Ыстық карцерде», «Суық карцерде», «Қарындасқа хат» атты өлеңдері боямасыз ашық жеткізеді.  Медициналық интерколледжінің студенті Камалова Малика «Ыстық карцерде» өлеңін оқығанда тебіренбеген адам кемде кем. Сонымен қатар атаулы іс-шарада ақын Руслан Нұрбай зұлмат жылдың тарихына қысқаша тоқталып, өз өлеңін оқыды.  

Митинг «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау» мұражайындағы экскурсиямен жалғасын тапты. Азапты жылдардың сырын ішіне бүккен бұл орны талай тарихтың, талай шындықтың куәсі екені даусыз. Бүгінде тарихи құнды жәдігер ретінде сақталған әр зат  жүрекке салқындық ұялатып, адамға үлкен ой салады. Экскурсия барысындағы мұражайдың ішкі жағдайы сол кездерге сапар шеккендей әсер қалдырды.     

«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек» дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл біздің тарих. Оны жастарға насихаттау, ұғындыру біздің парызымыз.