Қазақстандық полицияның 25-жылдығына арналады.

Маусымның 13-інде Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының салтанатты залында Қарағанды облысының ІІД қолдауымен қазақстандық полицияның 25-жылдығына орай маңызды іс-шара «Ерлік сағаты – ертеңге үлгі» атты ерлік сағаты ұйымдастырылды.

Полиция қызметкерлерінің басты міндеті – қала ішінде, жол үстінде, тұрғын үй ауласында тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету. Кездесудің қонақтары  жастармен кездесіп, өз жұмысы туралы әңгімелеп берді.  Күн сайын кезекшілікке шығатын полиция қызметкерлері өздерінің қала көшелерін бақылап, қауіпті кезекшілік барысында болған оқиғалар туралы баяндап берді.

Мәдениет орталығының жетекшісі, ІІД мұражайының бастығы Айтжанова Айжамал Бекешовна және баспасөз-журналист Қуаныш Медеубаев ерлік сағатының құрметті қонақтарымен таныстырды. Олар - адамдардың өмірлерін құтқарып ерлік көрсеткен полиция офицерлері. 

Николай Редченко, Қарағанды қаласының ішкі істер басқармасының уақытша ұстау изоляторының полиция қызметкері. Аса қауіпті қаруланған қылмыскерлерді ұстау кезінде ерлік пен батылдықты танытып жараланған. Ержүректілігі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен  ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды.  

Даурен Касымжанович Алтаев, полицияның учаскелік инспекторы, өртенген пәтердің ішінен төрт баланы құтқарып алғаны үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ол ешбір күмәнданбай, өз өміріне қауіп төндіріп, балаларды құтқару үшін өртенген пәтірдің ішіне кірді.  

Кездесудің жүргізушісі қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан Топар ІІБ қылмыстық істі тексеру полициясының бастығы полиция капитаны Тайгожин Алданыш Ерзақұлы туралы баяндады. Қызметтік борышты үлгілі орындағаны,  ерлік пен жанқиярлықты танытқаны үшін Тайгожин Алданыш Ерзақұлы қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Іс-шараға қатысушылар ерлік көрсеткен полиция қызметкерінің анасы Камила Айтумовна Тайгожинаға жаны ашып, аяушылық білдірді.

Іс-шараның барысында концерттік нөмірлер ұсынылды. «Нұр Орда» Департаментінің вокалдық тобы екі әнді орындады. Қуаныш Медеубаев пен Айжамал Айтжанова жасаған клиптер көрсетілді. «БОТА» ЖИО мүшесі Айжан Марткен «Алтын бесік» әнін орындады, кітапхана қызметкерлері  Руслан Нұрбай мен Аян Мейраш өздерінің өлеңдерін оқыды. Кездесуге кітапхана қызметкерлері мен оқырманары,  «БОТА» жастардың интеллектуалдық орталығының мүшелері, Қарағанды қаласының политехникалық, кәсіптік-техникалық, «Болашақ» колледждерінің студенттері қатысты.

Іс-шараның соңында кітапхана қызметкерлері қонақтарға ризашылық білдіріп, Қарағанды облысының дарынды жастарының шығармалары енген «Өр үмітті жастар» жинағын сыйлады. Қуаныш Медеубаев «БОТА» жастардың интеллектуалдық орталығының белсенді мүшесі, өлеңдер авторы ретінде  «БОТА»жастардың интеллектуалдық орталығы мүшелерінің өлеңдері, прозалық шығармалары, аудармалары енген «Өр рухты жастар» жинағымен марапатталды.  

Кездесудің соңында қонақтар «Құқықтық сала – құрметке лайық» кітап пен сурет көрмесін тамашалады, барлық қатысушылар мен қонақтар фотосуретке түсті, Ж.Бектұров кабинет-мұражайына экскурсия жасады.  

Шараның қонақтары жастарға үлкен ерлік үлгісін көрсетті. Қазір еліміздің  тыныштығы басты байлығымыз. Осыны әрқайсымыз жете түсінуіміз керек. Бұл тірлікте құқық қорғау органдарының атқарып отырған жұмысы ұшан-теңіз.