Қазанның 25-інде балаларға қызмет көрсету бөлімінде  № 97 гимназияның 5 «В» сынып оқушыларымен Құтқарушы күніне арналған «Батыл да батыр мамандық – құтқарушы» атты іс-шара өтті.   

Гимназия оқушыларымен кездесуге Қарағанды қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары – ОГПК аға инженері, майор Телегенов С.Н. және ликвидация бөлімінің бас маманы, подполковник Калыбеков Г.Т. шақырылды. Олар құтқарушы мамандығының маңыздылығы, қызмет ету барысында қандай қиыншылықтар болатындығы туралы балалармен әңгімелесті. Мамандар тұрмыста, табиғат аясында қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау керек екендігі туралы түсіндіріп берді. Балаларға «Сендер құтқару қызметінің телефон нөмерін білесіңдер ме?» деген сұрақ қойылды. Балалардың көбісі құтқару қызметінің бірыңғай нөмерін біледі – 112.  Құтқару қызметінің мамандары бұл нөмірге қоңырау шалуға болмайтын жағдайларды ескертті. Оқушылар мамандарға келесі сұрақтарды қойды: «Құтқарушы болу қиын емес пе?», «Құтқарушы болу үшін адамның қандай қасиеттері болуы керек?», «Сіздер қандай ерліктеріңіз үшін марапатталдыңыздар?». Әңгіме оқушылардың жеке қауіпсіздігін сақтауға және балалардың ой-өрісін кеңейтуге пайдалы ақпаратқа толы болды.