2017 жылдың 2 қарашасында сағат 15-00 кітапхананың мәжіліс залында кітапхана ұжымының арасында  «Латын жазуын енгізу жөніндегі жаңалықтар» атты талқылау іс-шарасы өтті.

2017 жылғы қыркүйектің 13-інде Қарағанды облысында қазақ тілінің латын жазуына көшуін насихаттау жөніндегі іс-шаралар басталды.  

Мемлекет басшысының қойған міндеттерінің маңыздылығын  түсіне отырып, біздің кітапханада 14 қыркүйектен бастап қазақ тілінің латын қарпіне  көшуін насихаттау және түсіндіру жөнінде  8 іс-шара өтті.  Бұл шараларға Қарағанды облысы оқу орындарының оқушылары мен студенттері қатысты, барлығы - 347 адам.

Бүгінгі талқылау Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 26 қазандағы латын графикасына негізделген қазақ тілінің әліпбиі бекітілген «Әліпбиді кирилл жазуынан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығы тұрғысынан өтті.  

Сөз сөйлегендер келесі мәселелерді белгіледі:

- мемлекеттік тілдің әліпбиін жаңарту – мемлекеттің егеменділік құқығы, сонымен бірге басқа тілдердің қолданылуына шек қойылмайды, олар бұрынғы әліпбиінде қала береді.

- барлық домен аттары, электрондық пошта мекен-жайлары латын тілінде жазылады, сондықтан латын тіліне көшу дүниежүзілік кеңістікке жетістікті интеграциялануға мүмкіндік береді.

- жаңартпаның басты артықшылығы – мемлекеттік тілді латын жазуында меңгере отырып, дүниежүзілік қауымдастықтың сөйлесу және жазу тілі болып табылатын ағылшын тілін үйрену қиынға түспейді.

- латын жазуына көшу – бұл өркениеттер тұрғысынан қарап таңдау. Ашық және ғаламдық әлемге бағытталып таңдау. Тіл өзгермей, жазуы ғана өзгереді.

Әрине, кез келген енгізілген жаңалық көптеген сұрақтарды туғызады. Сондықтан ұжым арасында латын әліпбиін үйрену бойынша тренинг өткізілді.

Қатысушыларға қазақ тілінде жазылған кішігірім мәтіндер ұсынылды, бұл мәтіндерді бекітілген латын қарпімен көшіру керек болды. Барлық қызметкерлер тапсырмаларды орындап, латын қарпімен жазу ешқандай қиындық тудырмайды деп айтты.    

Талқылау белсенді сұхбаттасу түрінде өтті. Іс-шараға қатысушылар Үкімет қазақ тілінің латын жазуына көшуінің айқын кестесін әзірледі деп тұжырымдады.