Мамырдың 20-нда жасөспірімдерге қызмет көрсету бөлімінің  мерзімді басылымдар мен мультимедиа залында қазақ өнерінің аса ірі тұлғасы, көрнекті театр және кино актері, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнуар Молдабековтың туғанына 80 жыл толуына орай «Қыран қонар биікті бағындырған» атты кітап көрмесі құрылды. Қай кезде де халқымыз өзінің болашағы – жастар тәрбиесіне  көңіл бөліп отырған. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары да сан тарау. Солардың ішінде шешуші рөл атқаратын тәлімі мен тәрбиенің бір түрі – жастарды патриотизм үлгісінде тәрбиелеу маңызды іс саналады. Жастар мен жасөспірімдердің өсу жолына, қоғамды тани білуге, азаматтық және өнегелік көзқарасын қалыптастыруға көркем әдебиеттің маңызы зор. Міне біздің кітап көрмеміздің түпкі мақсаты өнерін өрнектеп, тарихын түгендеп, дәстүрін дәріптеген мәдениет жанашырларын таныстыру, кітапхана қорындағы кітаптарды насихаттау, жастарға ұсыну. Кітап көрмесіне Ә. Молдабековтің өмірі мен шығармашылық жолына арналған кітаптар мен қатар баспасөз беттерінен алынған мақалалар да қойылды.