Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Қозы Көрпеш- Баян Сұлу» ұлттық ғашықтар күніне арналған «Махаббат қызық мол жылдар» атты «Бақытты сәт» интеллектуалды-танымдық ойыны өтті. Ойынға 2 топ қатысып, бақтарын сынады. Бұл топтарға әділ бағасын беретін қазылар алқасы да болды. Қазылар алқасында: жаңартпашылық-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Алдонгарова Гүлнар Мұхтарқызы, суретші-көркемдеуші, дизайнер- Сейсембекова Нуризат Нурлығаинқызы, жасөспірімдерге қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі- Мурзатаева Бақыт Қазбекқызы төрелік етті.

Мерекелік кеш мынадай 5 бөлімнен тұрды:

1-бөлім «Сәлем- сөздің атасы»

2-бөлім «Жүйрік болсаң озып көр

3-бөлім «Мақал – сөз атасы»

4-бөлім «Ұшқыр ойлы, жүйрік қиял топсың ба?»

5-бөлім «Поэзия патшалығында» (махаббат поэзиясынан оқу)

Жалпы, ойында Қарағанды көліктік-техникалық колледжінің студенттерінен құралған «Ғашықтар» тобы мен Қарағанды облыстық жоғарғы мейіргерлік колледжінің тәлімгерлерінен құралған «Жігерлі жастар» тобы өзара тартысты. Алғашқы бөлім бойынша топтар өздерін таныстырып өтті. Екінші бөлімде қатысушыларымызға салт-дәстүрге байланысты сұрақтар қойылды. Үшінші «Мақал – сөз атасы» кезеңінде әзіл сұраққа екі топ мақалмен жауап берді. Төртінші «Ұшқыр ойлы, жүйрік қиял топсың ба?» бөлімінде жұптарымызға тосыннан оқиғалар берілді. Жастарымыз белсенділік танытып, әзіл-қалжыңмен араластырып алып шықты. Келесі бесінші бөлімде махаббат поэзиясынан үзінділер оқылды.      Сонымен қатар, кешті тізгіндеген Несібелі мен Сұңқар да қағытпа қалжыңмен көрермендердің көңілін көтере білді. Шара барысында «БОТА» интеллектуалды жастар орталығының мүшелері Қиянбекова Несібелі мен Жасарал Құлпынай әдемі өлеңдер оқып, Айдос Сұңқар болса, әуезді әнмен жиналған жастарды бір сергітіп тастады.

Ойынды қорыта келе, Қарағанды көліктік-техникалық колледжінің студенттерінен құралған «Ғашықтар» тобы жеңіске жетіп, арнайы дипломмен марапатталды. Кештен кейін жастар «БОТА» интеллектуалды орталығының жұмысымен танысып, таныстық әрі қарай отырысқа ұласты.