«Дені сау адам-табиғаттың ең қымбат жемісі» деп тегін айтылмаса керек. Бірінші байлық- денсаулық дейміз. Халқымыздың тіршілігі мен бірлігі, жарқын келешегі көп ретте денсаулық мәдениетінің қаншалықты дәрежеде қалыптасуына байланысты.

Денсаулық – ел дамуының басты арқауы.  Бүгінгі таңда өз тәуелсіздігін алған егеменді елімізде салауатты өмір салтын насихаттау бағытында   денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын мұрат еткен дара тұлғаларды тәрбиелеуді қолға ала отырып, жан-жақты спорттық шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның бір дәлелі - Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы. Кітапхана бастамасымен жыл сайын футболдан шығармашылық жастар арасында турнир өткізіліп тұрады.

Биыл дәстүр бойынша, Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен Қарағанды «BOLASHAQ» жоғарғы колледжінің жазғы алаңында «БОТА» жастары спорт әлемінде» атты жастарға арналған әуесқой кішіфутболдан турнир өтті. Бұл жолы қызу тартысқа түскен ойында 12 команда бақ сынап, оның төртеуі ғана жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда бақ сынасқан «VolteQ», «Сарыобалы жастары», «Еркін құрама», «Сарыобалы»  командаларының ішінен «Еркін құрама» мен «Сарыобалы жастары» құрамалары суырылып шығып, финалда өнер көрсету құқығын алды. Ойын қорытындысы бойынша, III-орынды-еріктілерден құралған «VolteQ», II-орынды-«Сарыобалы», I-орынды-«Еркін құрама» командалары қанжығаларына байласа, Бас жүлдеге «Сарыобалы жастары» командасы ие болды. Сонымен қатар, «Үздік шабуылдаушы» номинациясына Жақсыбай Нұрғиса, «Үздік қақпашы» Өміртаев Төребай, «Үздік қорғаушы» Газиев Амиран, «Үздік ойыншы»  Шәріп Жақсыгелді, «Үздік сұрмерген» номинациясын Самат Аманай иемденді.