27 қыркүйек күні Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Бөкейханның өмірі мен шығармашылығына арналған «Алаш қозғалысының көсемі»атты тарихи сағат өткізілді.

Бар ғұмырын ұлтының болашақ бақыты үшін «Жаным – арымның садағасы» деп бел шешіп күрескен, сол жолда бойындағы күш-қайраты мен ақыл-ойын, білім-парасатын аямаған көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан. Ол - ұлт азаттық қозғалысының негізін салушы, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің алғашқы төрағасы.

ШарағаӘ.Бөкейхан атындағы №76 мектептің ұстаздары мен оқушылары арнайы шақырылды. Сондай ақ, Әлихан Бөкейханның өмірі мен шығармашылығы төңірегінде әңгіме қозғаған тарихшылар: ҚҚЭУ - нің тарих және саяси пәндер оқытушысы Айдос Бәдел, №92 гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Түсіпханов Әсет Әбілханұлы, Академик Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің тарих факультетінің IV курс студенттері Масалим Еламан мен Тұтқыш Айдана қатысты.

Кеш бастамас бұрын Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен шығармашылығы туралы «Ұлы дала» атты бейнеролик көрсетілді.

Кешті арнайы шақырылған Ә.Бөкейхан  атындағы №76 мектептің ұстаздары мен оқушылары ашты. Олар «Мектебім Әлихан атында» атты мектеп әнұранын орындап, Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханға мектеп оқушыларының және шығармашылығынан әдеби – сазды қойылым және мектеп ішіндегі Ә.Бөкейхан мұражай туралы бейнебаян көрсетіп, өз бағдарламаларын ұсынды.

Кеш барысында, кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар және мұражай жәдігерлері бөлімінің қызметкері Шпанова Жанат Рымкүлқызы мұражай кабинеттегі жазушы Ж. Бектұровтың сан мыңдаған құнды еңбектері, қолжазбалар туралы айтты. «Үш Әлекең», «Жоқтау-толғау» кітабындағы «Әлиханға» өлеңі, Төлеубай Мансұр «Әлихан атамыздың атын алды», «Әлихан Данышпан», Жайык Бектуров «Гордость степного края», «Ақтоғайдан шыққан Алаштың үш арысы», Нұрперзент Домбай «Арыстар» мақалары тарих алдындағы құнын жоғалтпас деректер екені айдан анық. Сонымен қатар Алаш арысы Әлихан Бөкейханов туралы «Кең даланың мақтанышы» атты 1990 жылдан бергі газет беттерінде жарық көрген газет мақалаларының жинағы таныстырылды , «Қанды ғасырдың қыран ұлы» атты кітап көрмесіне шолу жасады. №102 мектеп гимназиясының оқушысы Көкей Жансая Ж. Бектұровтың Әлиханға жазған «Жоқтау - толғауын» орындады.

Кешке қатысқан тарихшылар Әлихан Бөкейханның тәуелсіздікке бастау болған идеялары, Алаш қозғалысы, Ә.Бөкейханның шығармашылығы, аударма ісіне қосқан үлесін тақырып етіп алып, жан-жақты баяндамалар жасады. Алғаш сөз алған ҚҚЭУ - нің тарих және саяси пәндер оқытушысы Айдос Бәдел Ә. Бөкейханның қызметі, қазақ елі үшін төккен тері , «Әлиханның әрбір сөзі, әрбір ойы ұлтқа, қазақтың тәуелсіздігіне арналғандығын әңгімеледі. Себебі, Алаш арыстарының барлығы да намыстың қайнауынан , елдің жоғын жоқтап шыққан, әрбір сөзінде ұлттық жауапкершілік болған. Сондықтан біз Әлиханның еңбегін оқығанда таң қаламыз. Осыншама елге деген, ұлтқа деген адалдық болады екен ғой деген ой келеді» деп Әлихан Бөкейханның ұлтжандылығын тілге тиек етті.

«Алаш арыстарына ғашық болу дегеніңіз – олардың ізгі рухына, асқан адамгершілік асыл қасиеттеріне сүйсініп, шетсіз-шексіз сүю. Әрбір бүгінгі жас буынның пір тұтары осы Алаш арыстары болса екен... Ол үшін де кең көлемде насихат керек қой» - деп, №92 гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Түсіпханов Әсет Әбілханұлы Алаш көсемінің ұлағатты ісін келешек ұрпаққа үлгі етіп, келелі кеңес жүргізді.

Академик Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ -нің тарих факультетінің IV курс студенттері Масалим Еламан мен Тұтқыш Айдана «Ә. Бөкейхановтың еңбектеріндегі тарихи тұлғалар» және «Алаш зиялыларының ғылыми – педагогикалық көзқарасы» атты презентация жасады.

       Келелі де келісті кешке қатысқан жастар тамшыдай болса да Алаш көсемі туралы мәліметті бойына сіңіріп, ойына тоқыды деген сенімдеміз.