11 желтоқсан кітапханамызда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған «Елдіктің ерендігі – Егемендік» атты «БОТА-Эрудит»  интеллектуалды шоу ойыны өтті.

Ойынға қала мектептерінің ішінен №18 ЖББОМ 10-сынып оқушыларынан құралған «Екінші болма», №61 ЖББОМ 10-сынып оқушыларынан құралған «Достық» топтары білім жарыстырып, бақ сынасты. Ойынға Жасөспірімдерге қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі – Бахыт Қазбекққызы, жоғары санаттағы суретші-көркемдеуші - Нуризат Сейсембекова, мұражай жәдігерлері секторының меңгерушісі – Жұлдыз Изтайқызы әділ қазылық етті.

Ойынның ережесі бойынша екі командаға Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің және Қазақстан тарихының тақырыбына ғана емес, сонымен қатар тарихи тұлғаларға, қазақ әдебиетіне байланысты сұрақтар қойылды. Ортаға жеребе тасталып, ойынды «Екінші болма» командасы бастайтын болып шешілді. Алғашқы «Визиттік карта» геймінде – қатысушылар ауызша өздерінің оқу орындарымен, өзінің қызығушылықтарымен таныстырды. Ойынның ең күрделі бөлімі «Табло» атты 2-ші геймнің тапсырмалары теле-таблоның экранында 3 категория бойынша ұсынылды: «Тәуелсіздік жолында», «Тәуелсіздік тарихы», «Қазақ әдебиеті». Оқушылар əр түрлі сұрақтарға жауап берді. Əр жауапқа қиындылығы бойынша 10 баллдан 40 баллға дейін берілді.

Үшінші бөлім «Қазақстанның Тұлғалары» диірмен сайысында ортаға 9 сан белгіленген нөмірлер, 1 әуенді, 1 кітап және 1 Бота белгіленген Диірмен қойылды. Сан таңдаған топтар, қойылған сұрақтарға жауап берді. Әуен түскен топ – өнер көрсетті, кітап түскен топ – оқуға кеңес берерлік, тағылымы мол кітап туралы айтты. Бота түскен топ – оқушылық күндерінен бастарынан өткен өте күлкілі, әдемі оқиғаны баяндап берді. Білімнің шыңына таласқан екі топ осы бөлімде бойларын сергітіп, командалар да, көрермендер де жақсы әсер алды. Сонымен қатар ойын арасында Төлеубаев Әлішер және Социал Аяулым ән шырқап, әсем әуенмен қатысушыларды сергітті.

Ойынның қорытындысы бойынша №18 ЖББОМ 10-сынып оқушыларынан құралған «Екінші болма» тобы 75 ұпаймен екінші орынға ие болса, №61 ЖББОМ 10-сынып оқушыларынан құралған «Достық» топтары 100 ұпаймен жеңімпаз атанды. Осылайша қоғамда бәсекеге қабілетті жастардың сайысы өз мәресіне жетті.