18.10.2017ж, сағат 16-00-де «Маржан»гуманитарлық лекторийінің аясында Әлия Молдағұлова атындағы спортқа бейімді, дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында  10-шы және 11-ші сынып оқушылары үшін «Частица Родины – мой город» тақырыбымен өлкетану дилижансы өткізілді. «Виртуалды саяхат» қаламыздың тарихына, тағдырлары өлкеміздің өмірімен байланысқан жерлестерімізге арналып өтті. Қаламыздың тарихына саяхат жасауға жерлесіміз Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» атты кітабы көмектесті. Биыл жазушы Ғ.Мұстафиннің 115-жылдығы аталып өтіледі. Туған қаланың дамуы мен өсуін өз көзімен көрген, қатысқан, мазмұнды кітапты жарыққа шығарып, Ғ.Мұстафин халыққа үлкен дүниені тарту етті. «Қарағанды» романы – Қазақстандағы өндірістің дамуын, жұмысшы табының туып, қалыптасқанын көрсетететін шығарма. Жұмысшы тақырыбы, әрі Қарағанды өңіріндегі өндіріс жазушы өміріне таныс. Ғ.Мұстафин шығармалары – қазақ даласының, қазақ халқының тарихы. Өсу, даму, өркендеуінің шежіресі. Жүргізуші шығарманың қызықты үзінділерін оқып, жақсылыққа сенген, бақытты келер күннен күткен халық үмітінің көрінісі іспеттес романның құндылығы туралы әңгімелеп берді.

Осылай таскөмір пайда болды, қала және оның шахталары, көшелері қалыптасты. Қала көшелеріне аты берілген тұлғалардың тағдырлары Қарағанды тарихымен қалай байланысқан екен? Біздің  «виртуалды саяхат» қала көшелерімен жалғасып, 2017 жылғы мерейгерлер жерлестерімізге арналды. Солардың ішінде: Игорь Иванович Лобода -Қарағанды қаласында №22 шахтада учаске бастығы болып істеген уақытында жер астында метан бұрқ ете түскенде ондаған кеншілерді құтқарды. Апаттың зардабын жою кезінде қаза тапты. Биыл И.И. Лободаның туылғанына 90 жыл толып отыр. Капан Сатыбалдин Ұлы Отан соғысына қатысқан, әскери тілші. «Қазақфильм» киностудиясында, «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газеті редакцияларында қызмет істеді.  Биыл Қ.Сатыбалдиннің туылғанының  100-жылдығын атап өтеміз.

Өлкетану дилижансы барысында жүргізуші «Менің Қарағандым» слайд-шоуын пайдаланды. Іс-шараның соңында қатысушыларға «Қарағанды ескерткіштері» атты фото-экскурс ұсынылды. Балалар ескерткіштер орналасқан көшелер аттарын айтып, ескерткіш авторлары мен сәулетшілерінің есімдерімен танысты. Содан кейін оқушылар жасөспірімдерге қызмет көрсету бөлімі қорындағы біздің қаламызға арналған кітаптарды қарап шықты.