Ж. Бектұров туралы ақын- жазушылар, ғалымдардың ой-пікірі

“Қазіргі жастардың ішінде ғылымға берілген ойшыл, кемеңгер аз емес. Ол біздің жұртшылығымызды қуантатын ортақ бір қасиет. Жазған хатың бойынша  өзіңді де сол ерең ойлайтын ақылды жастардың бірі деп түсінемін.”

                                                                                    Әлкей Марғұлан, ғалым-шығыстанушы.

 

         “…Мен сені советтік құрылысқа  адал жан деп санаймын. Осы бағытыңнан бір жылдары жазықсыз жазаланған күнде де таймадың. Оған дәлел - сапардан орала құрылыс істеріне белсене кірісіп кетуің. Қажырлы, жігерлі адам екенсің”                                                                                

        “Сені бала жігіт кезіңнен білемін ғой. Содан бері санама берік орнағаны- сенің әділет жолынан таймауың, әрдайым сеніміңді сатпауың, өз пікіріңе тұрақты болуың”.

                                                                                                              Сәбит Мұқанов, жазушы

  

  “Өзінің көп қасірет шеккен халқымен біре өз  басынан нелер жан түршігерлік азапты ерлікпен өткірген сіздей адаммен қатар өмір сүргенімді  өзіме мақтаныш көрем. Сіздей шежіре адамдар тұрғанда біздің қасіретті тарихымыз еш уақытта ұмтылмақ емес. ”

                                                              Шотаман Ыдырысұлы Уалихан, сәулетші, профессор

 

             “Шортанбай шоғырларын“ зар заман ақындары деп атадық қой. Ол зар заман құнарлы жерімізді тартып алса да, халқымыздың тіршілігінің көзі малдан айырған жоқ еді ғой. Нағыз үлкен зар заман біздің тұсымызда құдірет күшіне енді.

             …1933 - жылы қазақ сорлының қара шыбындай қырылғанын өз көзіммен көргенмін. Міне нағыз зар заман осы тұс еді. Сені сол үлкен зар заман ақындарының бастауы дер едім. Ол кезді сенен артық жазған адам жоқ.”

Әбу Сәрсенбаев, ақын,жазушы

 

          “- Егер қайта құру заманы кезінде әдебиетте жаңа талпыныс пайда болды десек, онда дәуір “сыйын” көп көрген Жайық Бектұров пен архивтің қан аралас шаңын жұтқан Шерхан Мұртазаның сахналық шығармасынан басталады деу орынды”.

 

“Қайта құру заманында Жайық Бектұровтың шығармашылық өнерпаздығының екінші тынысы ашылды”

Тұрсынбек Кәкішев, әдебиетші, ғалым, сыншы..

 

“Cіз шежіре адамсыз... Қара сөзбен де, өлеңмен де жаздыңыз. Уа, дүние - ай десеңізші! Қаншама асыл қазыналар тар кеудеде сақталынып келген... Сіздің енді жарық көріп жатқан дүниелеріңіз бұлақ көзі ашылғандай әсер береді”

 Ғафу Қайырбеков, ақын.

 

“Сіз ғажайып талант иесісіз. Сіз өз ісіңізден, өнеріңізден ләззат алып, шабыттанатын жансыз. Сіз ел адамысыз, жасыңыздан шыныққан ұрпақ өкілісіз. Зейнетті де, бейнетті де көп көрдіңіз. Зейнеттен тасымадыңыз, бейнеттен асымадыңыз.

                                                                                    Манаш Қозыбаев,.ғалым, профессор

 

“Жайық Бектұров Кенесарыдан, Ә.Бөкейхановтан бастап Қазақстанның нелер көрнекті қайраткерлерінің өмір жолдарын жаңа ұрпаққа Республикамызда ең алдынғылардың бірі болып паш еткен автор.”

Әбілқас  Сағынов,ғалым  профессор

 

“А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердиев, М. Дулатов аталарымыз ақталысымен, тіпті олар ауызға алынбай тұрғанда да осы алыптардың сүбеле еңбектерін жұрттан бұрын, осы өзіміздің “Орталық Қазақстан” беттерінде жариалаған да Жайық Бектұров ”.

 Ә.Сағынов, ғалым  профессор

 

“Іргелі архивтерден, әдеби, ғылыми орталықтардан бір шет отырып-ақ, асыл ағаларымыздың жауқазын да құнды мұраларын ұқыптылықпен жинап, көпшіліктің игілігіне айналдырып келе жатқан Жайық Бектұровтай білікті де, қажырлы азаматтарымызды бағалап, қадір тұтып сыйлау керек”.

Ә. Сағынов, ғалым  профессор

 

“Жәкең бұқара арасында көркем әдебиетті насихаттау жұмысына көп араласады, студент-жастарға әдеби-эстетикалық тәрбие жұмыстарын жұргізуде де еш жалықпайды”                                                                            

                                                                              Ғабдолла Құлқыбаев,ғалым, профессор

 

«Анамыздың әлдиіндей, өзіңіз құлағымызға құйған анау Ахметтің, Шәкәрімнің, Мағжанның, Міржақыптың, Сәкеннің тағдырларын елестетіңізші. сіз сол арыстардың көзі болып,сөз болып,өкше басар ұрпағымызбен жалғастыңыз…»                                                             

                                                                          Ақселеу   Сейдімбеков жазушы, профессор

 

       «Жәкең – шежіре адам. «Кеудесі жақсылардың алтын сандық» демекші, бұл ағамыздың ұрпаққа ұлағатты әңгімелері, ескірмейтін естеліктері көл  көсір.

       Бұған Жәкеңнің қаламынан туған бағалы дастандар мен толғауларды, өлеңдерді қосыңыз. Бұл дегеніңіз әдебиет пен өнер зерттеушілерінің, тарихшы ғалымдарға аса жәдігер мұра болып табылады.

Ақселеу  Сейдімбеков.жазушы профессор

 

«…Сіз тәрізді көнекөз, ескіқұлақ, көп білетін әрі халқымыздың  тарихын, әдебиеті мен мәдениетін жақсы білетін, әрі жақсы көріп, соған жаны ашитын адамның Қарағандыда тұрып, өмір сүргеніне , еңбек еткеніне мен қуаныштымын!… »

                                                                                                                     Б. Ысқақов, ақын.

 

«…Мынау «Өртің» оңды екен. Тілің мінсіз, уақиға азулы. Жаз, Жайық, жинақ дайында! Асыға қимылда! Уақыт осыны тілейді…»

                                                                                                                       С.Талжанов,жазушы, аудармашы.

 

«…Өз күнделігіңді қарастырып жатқаныңа қуанамын. Тарихи дерек жоғалмауға тиіс. Бүгін болмаса ертең, мүмкін, тіптен бізден кейін болса да жарық көрер.  Өңдей түс!… »

 

                                                                                                     Ә.Сәрсенбаев,ақын,жазушы

 

Жайық Бектұров – қазақ көсем сөзінің көш бастаушыларының бірі, ћәм бірегейі.

Серік  Ақсұңқарұлы,ақын

 

      «Қазақстан баспасынан жарық көрген «Енеден ерте айырлған төл секілді…» атты бір томдығы – қазақтың біреуге бодан болған заманы мен бүгін өз алдында егемен ел болған кезңін жалғап тұрған көшелі көсем ойының бір алтын жібі десе болады.»                                                                                                                 

Серік  Ақсұңқарұлы,ақын.