27 тамызда Семей ядролық полигонының жабылуының 30 жылдығына және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған "Қазақстан ядролық қаруға қарсы" ақпараттық сағаты шеңберінде қазақстандық суретші, ядролық қаруға қарсы қозғалыстың белсендісі, АТОМ жобасының Құрметті Елшісі, ядролық қаруды жоюдағы күш-жігері үшін Нобель сыйлығына үміткер Күйіков Кәріпбек Телтайұлымен әңгімелесу-сұхбат өтті.

Кәріпбек Күйіков Қазақстандағы ядролық қаруға қарсы қозғалыстың басты нышандарының біріне айналды. Ата-анасы Семей полигонындағы ядролық сынақтар кезінде радиоактивті сәулеленуге ұшырады, сол себептен Кәріпбек қолсыз дүниеге келді.

Суретшімен әңгімелесу барысында Семей ядролық полигонының жабылуы, "Невада-Семей" халықтық антиядролық қозғалысы және қозғалыс көшбасшысы - ҚазКСР қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов туралы, сондай-ақ Кәріпбек Телтайұлының Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жасалған АТОМ антиядролық халықаралық жобасына белсенді қатысуы туралы мәселелер қозғалды.

Әрі қарай әңгіме суретші туындыларының тақырыбына көшті. Кәріпбек Телтайұлы негізінен адамзатқа келтірілетін ядролық қауіп-қатер тақырыбына, сондай-ақ экологиялық тақырыпқа және қоршаған ортаны қорғауға арналған суреттер жазатынын атап өтті. Алайда, пейзаждық кескіндеме суретшіге жат емес екені белгілі болды.

Кәріпбек Күйіков жастарға өз мақсаттарына қалай жетуге болады, белсенді болу, қиындықтардан қорықпау және т.б. мәселелер бойынша бірқатар ұсыныстар айтты. Ол жастарға арнаған сөзінде: "Ең бастысы - рух сергектігін, өз күшіне деген сенімін, еңбек етуге және жасампаз болуға деген ұмтылысын сақтау", - деп атап өтті. Әңгіме соңында суретші, қоғам қайраткері Кәріпбек Күйіков қазақстандықтарды келе жатқан Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтады.