2021 жылдың 29 қыркүйегінде Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында журналист, ақын, КСРО Жазушылар Одағының мүшесі Кәрім Жұмабекұлы Сауғабаевтың туғанына 80 жыл толуына орай «Рухы биік ұлттың ұлы» атты Zoom платформасында әдеби кеші өтті.

Биыл ұлы даламыздың төл перзенті, ұлт жанашыры, бар өмірін оның қасиетін дәріптеуге арнаған, туған жерінің тауы мен тасын, өзені мен көлін, тоғайы мен күміс бұлағын өлеңінің әр жолына әр қылған жазушы-журналист, ақын Кәрім Жұмабекұлы Сауғабаевтың дүниеге келгеніне 80 жыл.
Іс-шараның басты мақсаты журналист, ақын Кәрім Сауғабаевтың өмірі мен шығармашылығын жан-жақты насихаттау. Ақын өлеңдері арқылы жастардың Отанға, халқына, туған жеріне деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту, отаншылдыққа тәрбиелеу.
Алғашқы сөзді Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының басшысы Каленова Нұргүл Қасымханқызы алып, ақынның шығармашылығына тоқталып, уақыт тауып келген қонақтарға жылы лебізін білдірді.
Әдеби кешке арнайы Нұр-Сұлтан, Петропавл, Қарағанды қалаларынан, туған жері Егіндібұлақ ауылынан белгілі ақын - жазушылар, журналистер мен оқытушылар, жерлестері, шәкірттері мен әншілер қатысты: Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры, журналист-тарихшы Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай; Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, тенор дауысты опера әншісі, өнертану профессоры Кенжеғали Тұрсынбекұлы Мыржықбаев;Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Құрметті журналисі Жанысбай Сүйіндік Жұмабайұлы; Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, журналист Әли Тойжігіт; айтыскер - ақын, ф.ғ.д., профессор Қойлыбай Асанұлы; журналист, жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Журналистер конгресі және Қазақстан журналистер Одағы сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Ермек Балташұлы; ақын, журналист, Халықаралық «Мәдениет майталманы» медалінің иегері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, К. Сауғабаевтың шәкірті Жұлдыз Райымбекқызы Тойбек; әнші, №36 мектебінің қамқоршылық кеңесінің төрайымыЗина Камалиқызы; Егіндібұлақ селолық «Модельді кітапхана» м.а. меңгерушісі Кәмшат Айткеновна Бабағұлова; Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі», ардагер ұстаз, Егіндібұлақ тарихи–өлкетану музейінің ұйымдастырушысы Ахмадия Ығыбасұлы Сүлейменов; медицина ғылымының кандидаты, ЖММ «Қарағанды ​​жоғары медициналық интерколледжі» бас директоры, Республикалық профессионалды «Мейірбике ісі» журналының бас редакторы, К. Сауғабаевтың жерлесі Аманжол Нұрбекұлы Нұрбеков; ақынның ұлы Нәжімиден Кәрімұлы Сауғабаев; ақынның қызы Нәзгүл Кәрімқызы Сауғабаева және келіні Жантуған Қарлығаш.
Кеш бастамас бұрын К. Сауғабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы бейнеролик көрсетілді.
Іс-шараның модераторы ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Руслан Нұрбай кешті ашып, К. Сауғабаевтың өмірі мен шығармашылығына тоқталды. Сонымен қатар, кешке қатысқан ақынның шәкірттері оның шығармашылық ерекшеліктері мен адами қасиеттері жайлы сөз қозғады. Сондай-ақ, ақынмен алғаш танысып, кездескен сәттерін еске алды.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Әли Тойжігітұлы ақын жайлы есте қалған ерекше естеліктерімен бөлісіп, Тұманбай Молдағалиевтың Кәрім Сауғабаевқа дала ақыны, дара ақын деген баға бергені жайында айтты. Бұл ақынға көрсетілген ерекше құрмет екенін атап өтті.
- Кәрім ағам 9-сыныпта оқып жүргенде өлеңімді газетке басты. Жас кезімде дәрігер боламын деуші едім. «Екінің бірі дәрігер, сен журналист бол» деп жол көрсеткен Кәкең еді. Ол кісінің күрескерлігі жөнінде баспасөз беттерінде жазылды. Өздеріңізге бел­­гілі шұбартаулықтардың бастамасымен мектептен түлеп ұшқан жастарды қой шаруашылығына еңбек етуге жібергені. Ондайға бірінші ұшынып тұратын жер Егіндібұлақ еді. Сонда Кәкең: «Қазақ бүкіл қиындыққа төзіп, шыдап келген. Басқасы басқа, бірақ қыз балаға қой бақтырмаған» деп билікке қарсы шыққан. Кәрімнің танылуы енді басталып жатыр. Ақынды балалар оқиды, ал ақын шығармасы балалардың жадында мәңгі жатталып қалады, – деді Қазақстан Республикасы Журналистер конгресі және Қазақстан журналистер одағы сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері К. Сауғабаевтың шәкірті Ермек Балташұлы сөз кезегінде.
- Егіндібұлақтағы, Қарағандыдағы үйінің қабырғасына ескерткіш тақта
орнатып, артында қалған мұрасын жалғанның жарығына шығарып, ел жұртының игілігіне жаратуымыз керек, - деп ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы, ақынға арналған өлеңін оқыды.
Кәрім Сауғабаев зерттеуші де еді. Өзі туып-өскен Едірейдің таулары жайында, оның тарихы мен бүгінгісі хақында жазғандары талай зерттеуші ғалымның еңбегіне анықтама болары хақ. Дала дүлдүлі, ақын-сазгер Мәди Бәпиұлы К.Сауғабаевтың творчествосының бір бөлігі. Одан бөлек Мәдидің досы, кезінде УФА-ның Ғалия медресінде оқып келіп, Едірейдің басынан мектеп ашқан, елдің кедей-кепшігін Семейден азық-түлік алып келіп асыраған, қазақ халқының қалыптасып ел болуына үлкен еңбек сіңірген Мұстақым Малдыбаев туралы жазған зерттеулерінің өзі бір төбе. Қарағанды гуманитарлық колледжінің «Қазақ тілі және әдебиет бөлімі», 2- курс студенті Қадыров Әнуарбек ақынның «Мәди Бәпиұлының соңғы сөзі» атты өлеңін оқып берді.
Кәрім Сауғабаев – туған жерге деген махаббатты ту етіп жоғары көтере білген, туған жерінің атын Қазақстан тарихына алтын әріппен жазып қалдырған ақын. Белгілі сазгер Ілия Жақанов К. Сауғабаевтың өлең­деріне ән шығарды, ел ішіне кеңінен таратты. Олар – «Балқантау баурайында», «Бал­қантау вальсі», «Балқантау», «Балқантау гүлдері», «Балқантау аққулары» деп аталады. Екеуі жақсы жолдас болды.Ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, тенор дауысты опера әншісі, өнертану профессоры Мыржықбаев Кенжеғали Тұрсынбекұлы мен әнші, №36 мектебінің қамқоршылық кенесінің төрайымы. Зина Камалиқызы орындады.
Көзкөргендердің айтуынша, ақын студент кезінде қазақ халқының хәлін айтып, жоғын жоқтаушысы болған. Жастық шағында «Жас қазақ» ұйымын құруға атсалысып, оның алғашқы қарлығаштарының сапында болған. Сол үшін кейін мәселесі комсомол жиналысында қаралып, «Кеңес үкіметінің жауы» деген айдар тағылды, қара жұмысқа жегілді. Осы кезеңде өз басынан өткерген қиындықтарды кейін көркем шығармаға айналдырып, «Ең... соңғы аялдама» атты соңғы кітабында жазып кеткен.
Кәрім Сауғабаев қаламынан туған өлеңдер мектеп оқулықтарына да енген. Оның шығармаларын 3,4 және 5 сынып оқулықтарынан таба аласыз. Сондай-ақ, көптеген өлеңдері орыс, қырғыз, түрікмен тілдеріне аударылған. Әлемде әдебиет пен балаларға арналған кітапқа деген қызығушылық ерекше. Ақын өлеңдерінің ішінде балалардың тәтті қылықтары туралы жазылған қызықты өлеңдері бірқатар. «Жалын» журналында да өлеңдері көптеп жазылған.
Қарағанды гуманитарлық колледжінің «Қазақ тілі және әдебиет бөлімі», 2- курс студенті Жанатова Жансая, ақынның «Нан туралы балладасын» жатқа оқыды.
Кеш барысында туған жер тақырыбындағы «Түбінде Едірейге көшіп барамын», «Домбыра» атты өлеңдерін Қарағанды қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Алтынбек Арайлым мен Жұмажан Жансая орындады.
К.Сауғабаев тарих қойнауына кетіп бара жатқан ежелгі Едірей жерінде дүниеге келген. Өзінің туған жерін өте жақсы көріп, оның болашағына алаңдайтын. Балқантауын өте қастерлейтін. Туған жері Егіндібұлақ өлкесі Егіндібұлақ селолық орталық кітапханасымен байланысқа Егіндібұлақ селолық «Модельді кітапхана» меңгерушісінің міндетін атқарушы Бабағұлова Кәмшат Айткенқызы мен Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі», ардагер - ұстаз, Егіндібұлақ тарихи–өлкетану музейінің ұйымдастырушысы Сүлейменов Ахмадия Ығыбасұлына шығып ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы сөз қозғады.
- Бүгінде кеншілер өлкесінен түлеткен қаламы жүйрік жазушылар аз емес. Осынау бай өнердің сиқырына кенеле отырып, өмірге құнды жинақтар әкелген жандардың бірі- Кәрім Сауғабаев. Ол жазушылық дағдының биік шыңына өрмелеп шықпаса да, құны бар жауһар өлеңдер мен шығармалардың тууына септігін тигізді. Соның ерекшесі талантты қазақ жазушыларының бірі Жайық Кәгенұлы Бектұровқа арналған «Әулие шал» өлеңі. Кәрім Сауғабаев жазушыны ерекше үлгі тұтқан, - деп Ж. Бектұров кабинет –музейінің кітапханашысы Ж. Рымқұлқызы баяндамасында айтты. Ал Қарағанды қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8 сынып оқушысы Нақып Алдияр Кәрім Сауғабаевтың Жайық Бектұровқа арнап жазған «Әулие шал» атты өлеңін орындап берді.
Кеш қонақтары сөз сөйлеу барысында көрермендерге К. Сауғабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы қызықты және біршама танымал деректерді ұсынды.
Виртуалды алаңға Қарағанды қаласының Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің, Қарағанды «Болашақ» жоғары колледжінің, Қарағанды көлік – технологиялық колледжінің және Қарағанды жоғары политехниқалық колледжінің студенттері қатысты. Кешке қатысқан мектеп оқушылары мен студенттер ақынның өлеңдерін жатқа оқып, оның шығармаларымен жақын таныс екендіктерін аңғартты.
- Ақынның жазғанынан ойға алған арманы көп. Оның жолын қазақ "қамшының сабындай" дейтін қысқа ғұмыр кесті. Әрине, ақын өлсе де, оның артында "мәңгі өлмейтін" қаламынан туған жырлары қалды, ұрпағы қалды... Ол жолдарды да еске түсіру парыз,- деп кеш модераторы Руслан Нурбай ақынның өлеңінін шумақтарын оқып, қатысқан қонақтарға алғыс айтып кешті қортындылады.