Сыйға тартқан кітаптар

 

Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының кітап қоры белгілі ақын - жазушылар мен зиялы қауымның сыйға тартқан кітаптарымен толықтырылды.

 

 

2023


Қарабаев Ш.Қ.
Қ14 Тәуелсіздікке жеткізген желтоқсандықтар[Мәтін] : тарихи дерек / Ш. Қ. Қарабаев. - Алматы : Фортуна Полиграф баспасы, 2021. - 384 б.

 

Тарихи деректегі зерттеуде желтоқсан көтерілісінің түп-тамыры және көтерілістің негізгі қозғаушы күші сотталған желтоқсандықтардың заңсыз сотқа тартылуы және ақталу істеріне талдау жасалған.












2022


Сыныптасы жоқ бала [Мәтін] : өлеңдер және поэма / Ілияс Мұқаев. - Нұр-Сұлтан : Кәусар баспасы, 2022. - 128 б.

 

Ақын Ілияс Мұқаевтың бұл кітабына кестелі сөзбен өрілген көркем жырлары топтастырылған. Қоғамдағы әр құбылысты қара өлеңнің өзегіне сыйдырып, жыр тілімен сыр айта білген ақынның шуақты поэзиясы көпшілік оқырманға арналған. 













Ершу, Маржан
Е76 Атырау Маржандары [Мәтін] : әдеби-танымдық жинақ / Маржан Ершу . - Нұр-Сұлтан : Регис-СТ Полиграф, 2021. - 256 б.

Белгілі композитор Әбілахат Еспаев 1951 жылы «Маржан қыз» әнін жазды. Әннің сөзін жазған - сатирик ақын Садықбек Адамбеков. Әнге арқау болған Маржан қыз – Атырау өңірінің батыр қызы. Дала заңын жатқа білген, күш – қайраты еркектерден кем түспеген Маржан қыз – тылдың батыры. Индер ауданы Елтай ауылында өмір сүрген Маржан Енбаева еңбегі мен ерлігін танытып, 18 жасында 1942 - 1946 жылдары аралығында колхоздың 300 - дей жылқысын шашау шығармай бағып, вагонмен соғысқа жөнелтіп отырған. Оған осы еңбегі үшін «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді. Ол кезде Маржан қыз небәрі 24 жаста болған. Аталған ән сол бір батыр да ержүрек, ақылды да қайратты дала аруын ел есінде қалдыру мақсатында жазылған еді. Кітапқа «Маржан қыз» әнінің шыққанына 70 жыл толуына орай Маржан Енбаеваны еске алу мақсатында Жайық бойындағы есімі елге белгілі Маржандардың өмірбаяндары мен еңбектері топтастырылған. Көпшілік қауымға арналған кітап. 





ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, тарихшы- ғалым, Ерғазы Қадашұлы Төлеу  «Шолпан жұлдыз» атты КСРО және Қазақ КСР Халық артисі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына орай құрастырып жарыққа шығарған  жинағын сыйға тартты. Кітапты тарту еткен  Ерғазы Қадашұлы Төлеуге  алғыс білдіреміз.



Шолпан-жұлдыз [Мәтін] : деректі-танымдық жинақ / құраст. Е.Қ Төлеу. - Нұр-Сұлтан : Кәусар баспасы, 2022. - 224  бет: 24 сур.;


Жинақ КСРО және Қазақ КСР Халық артисі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Шолпан Жандарбекованың туғанына 100 жыл толуына орай жарық көріп отыр. Кітапқа қазақ театр өнері жарық жұлдызының өз мақалалары және замандастары мен белгілі театртанушылардың естеліктері топтастырылған. Еңбектің құндылығы – талантты актриса туралы әр жылдарда басылымдар беттерінде жарияланған жазбалардың жүйелі жинақталуында. Кітап көпшілік оқырманға арналған.






 


 

Шайбеков, А. 

         Сарқылмас сырлы Сарыарқа [Мәтін] / А. Шайбеков. - Қарағанды : Полиграфист, 2021. - 215 бет.

 

Халық ауыз әдебиетіне сүйеніп жазылған жазушы Аманолла Шайбековтың «Сарқылмас сырлы Сарыарқа» танымдық романында Орталық Қазақстан жерінде өмір сүрген және өмір сүретін белгілі Орта жүз ішіндегі Арғын атасынан бөлініп шығатын Қаракесек руының Түйтеден тарайтын Әлтеке-Сарым тармағының ата бабаларының тарихи өзіндік келбетін ашып, келешек ұрпақ санасына сақтауға арналған. Кітап әдеби көркем тілде жазылған.






 


 

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Кеңесбекова Салтанат Смағұлтегіне кітапхананың кітап қорына «Таңсәрі», «Қарашығымда сағыныш», өлеңдер жинақтар мен «Позитивті интеллект» танымдық әдебиет кітабын тарту еткені үшін алғыс білдіреміз.


Кеңесбекова, С.

Қарашығымда сағыныш [Мәтін] : жыр жинақ / С. Кеңесбекова. - Қарағанды : Parasat-M ҒББО, 2015. - 117 б.

 

 

Салтанаттың «Қарашығымда сағыныш» екінші жинағы. 2013 жылы оқырмандар қолына тиген «Жанарымдағы жазулар» кітабы әдеби ортада жақсы қырынан бағаланған еді. Салтанат 2011 жылы тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай Астана қаласының әкімдігі мен мәдениет басқармасы ұйымдастырған «Астана-Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі» атты республикалық жыр мүшайрасының 1 орын иегері. Сонымен қатар, шығармашыл жастардың XY халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты.

 



 


 

Кеңесбекова, С.

Таңсәрі [Мәтін] / С. Кеңесбекова. - Алматы : Дәуір, 2021. - 176 б.



Қазақтың ақын қызы Салтанат Смағұлтегінің бұл жинағына оның сыршыл лирикалық жырлары топтастырылған. Оның өлеңдері шынайылығымен, мөлдірлігімен, салмақтылығымен ерекшеленеді. Сынақ пен сұраққа толы адам өміріндегі тылсым дүниелердің жауаптары оқырманның өзіндік ой тұжырымына мүмкіндік береді. Ендеше сезім мен парасат шарпысын Салтанаттың «Таңсәрі» жинағынан іздеп көрелік.

Кітап көпшілік оқырманға арналған.




 


 

Кеңесбекова, С.

Позитивті интеллект [Мәтін] : танымдық әдебиет / С. Кеңесбекова. - Қарағанды : Полиграфист баспа орталығы , 2022. - 132 б.

 
Психологиялық-мотивациялық кітап Стэнфорд университетінің профессоры Ширзад Шаминнің «Позитивті интеллект және PQ» еңбегі негізінде жазылды.

Кітапта психолог Салтанат Смағұлтегі профессор идеясы негізінде психологиялық қызметі тәжірибесін ұсынады. Кітап мазмұнын қазақи дүниетанымға, ұлттық психологияға бағыттап кеңес берген қоғам қайраткері-Бақытқали Мұсабеков.

 




2021


Бір нәзік сәуле [Мәтін] : Қасым Аманжоловтың сөзіне жазылған әндер жинағы / құраст.: Қ. Айтбаев, А. Мырзахмет. - Қарағанды : Мағжан , 2021. - 200 бет. - ("Qasym" сериясы ).

Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы өткізген республикалық дәстүрлі «Қасым» оқулары байқауының аясында "Qasym" сериясымен жарық көрген төртінші кітап. Кітапта Қасым Аманжоловтың сөзіне жазылған әндер жинағы топтастырылған.

  







 


Рысбек, Қ. 

Қазақтың 72 бапкері [Мәтін] / Қ. Рысбек. - Ақтөбе : Хабар-Сервис, 2020. - 528 б.

«Қазақ балуандары», «Қазақ боксшылары», «Қазақ олимпиадашылары» деректі жинақтарының идея авторы әрі құрастырушысы, «Дәулет», «Сұрмерген», «Бекзат» деректі хикаяттарының авторы, спорт тарихшысы Қыдырбек Рысбектің бұл кітабына ХХ, ХХІ ғасырлардағы қазақтың таңдаулы 120-дан аса бапкері және олардың 500-ден астам шәкірттері туралы деректер мен материалдар еніп отыр.
Кітап орта және жоғары оқу орындарының спортшы-студенттері мен мамандарына қосымша тарихи очерктер жинағы ретінде пайдалануға болады.

  





 


 

Жазушы-публицист, аудармашы Марал Хасеннің жұбайы Рымбала Смайылова жазушының көп томдық таңдамалы еңбектерін кітапханамызға сыйға табыстағанына шексіз алғысымызды білдіреміз.

Қара сөздің қадірін біліп, саналы ғұмырын қасиетті сөз өнеріне арнаған жазушы-публицист, аудармашы Марал Хасен артына мәйекті де мол мұра қалдырды.

 

Хасен, М.

      Таңдамалы еңбектер[Мәтін]: құраст.: Р. К. Смайылова/ М. Хасен.- Қарағанды: Tengri Ltd , 2020

     Т.1: Публицистикалық және түрлі жанрдағы еңбектер.- 360 бет.

 

Хасен, М.

      Таңдамалы еңбектер[Мәтін]: құраст.: Р. К. Смайылова/ М. Хасен.- Қарағанды: Tengri Ltd , 2021

     Т.2: Автордың орысша жазғандары мен қазақ авторлары туындыларының орысшаға, қазақшаға аударылған тәржімелері.- 364 бет.

 

Хасен, М.

      Таңдамалы еңбектер[Мәтін]: құраст.: Р. К. Смайылова/ М. Хасен.- Қарағанды: Tengri Ltd ,2021

      Т.3: Орыс жазушылары еңбектерінен тәржімелер.- 360 бет.

 

Хасен, М.

      Таңдамалы еңбектер[Мәтін]: құраст.: Р. К. Смайылова/ М. Хасен.- Қарағанды: Tengri Ltd , 2021

     Т.4: Шетел классиктері шығармаларынан аудармалар.- 360 бет.

 

Хасен, М.

      Таңдамалы еңбектер[Мәтін]: құраст.: Р. К. Смайылова/ М. Хасен.- Қарағанды: Tengri Ltd , 2021

     Т.5: Автордың еңбектеріне жазылған пікірлер және оған айтылған лебіздер мен еске алулар.- 360 бет.

 

Хасен, М.

      Таңдамалы еңбектер[Мәтін]: құраст.: Р. К. Смайылова/ М. Хасен.- Қарағанды: Tengri Ltd , 2021

     Т.6: Нобель сыйлығының иегерлері шығармаларының аудармалары. - 428 бет.

 

Хасен, М.

      Таңдамалы еңбектер[Мәтін]: құраст.: Р. К. Смайылова/ М. Хасен.- Қарағанды: Tengri Ltd , 2021

     Т.7: Нобель сыйлығының иегерлері шығармаларының аудармалары.- 440 бет.

 


 

Сәкен тұлғасы тарих төрінде [Мәтін] – Нұр-Сұлтан. Big Dream, 2020.- 392 бет.

«Сәкен тұлғасы тарих төрінде» атты бұл жинақ тәуелсіз мемлекет құру жолында өз жандарын пида еткен ұлт арыстарының орыс отаршылығы мен Алаш Орда, Ақ гвардия, Кеңес үкіметі көсемдерінің архив құжаттары мен тарихи деректері топтастырылған. Кітап көпшілік қауымға арналған.

  





 


 

Заханқызы, У.

Ән қанатындағы ғұмыр [Мәтін] / У.Заханқызы.- Алматы: Үш Қиян, 2021.– 64 бет.

Бұл кітапқа қазақтың көрнекті әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейірхан Адамбековтың өмірбаяны мен шығармаларына байланысты материалдар топтастырылған. Шәкірттің ұстазға деген риясыз сыйластығының құрметіне шығарылған. Кітап музыкалық мектеп, колледж, өнер ордаларының оқушылары мен студенттеріне арналған.

  





 


 


2020


 

Каренов, Қ.

Кешір інім, кешір [Мәтін] = Прости, мой брат, прости/Қ. Каренов. - Қарағанды : Гласир, 2016. - 115 бет.

Бұл кітап Ұлы Отан соғысының ардагерлері ағалы-інілі Каренов Асқар мен Саттарларды еске алу мақсатында басып шығарылған. Сондай-ақ барлық Отан үшін от кешкен қазақ солдаттарына арналады. Ұлы Отан соғысының барлық жауынгерлеріне мәңгілік естелік кітап.

  





 


 

Батырлар жолымен = Дорогой подвига и славы [Текст]: воспоминания, очерки, статьи, хроники, документы, стихи. -Алматы: Ән Арыс, 2015. -464 бет.

Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ERG компаниясының әлеуметтік саясатының маңызды бөлігіне қарай батырларды еске алу, ардагерлерімізге қамқорлық көрсету мақсатында «Батырлар жолымен» атты кітап басып шығарылды. Еуразиялық Топ құрамындағы Қазақстан электролиз зауытының патриоттық экспедициялары он жылдан бері «Майдан жолы» іздестіру жасағына рәсімделіп, қазақстандық жауынгерлердің жауынгерлік Даңқ орындары бойынша Ресей мен Украинаға жөнелтіліп келеді. Құрбан болғандардың есімдерін қалпына келтіреді, туыстарын табады, ескерткіштерді жаңартады және жаңаларын орнатады, батырларға ескерткіштер жасайды. Еуразиялық Топ ұжымының қолдауымен бұл экспедициялар батыр Әкелер мен аталардың ұрпақтары арасындағы достықты нығайтуға, жастарды патриотизмге, тәрбиелеу мақсатында қызмет ететін «Батырлар жолымен» - «Дорогой славы» халықаралық патриоттық жобасына айналды. Көпшілік қауымға және Ұлы Отан соғысының барлық жауынгерлеріне мәңгілік естелік кітап.

   


 

Ақпанбаева, Т.

Ақтоғайлық қос қыран [Мәтін] / Т.Ақпанбаева. – Қарағанды: Tengri Ltd, 2019. – 204 бет.

Еңбек ардагері, ұстаз Торғай Ақпанбаеваның Кеңес Одағының батырлары Қазбек Нұржанов пен Нұркен Әбдіровтің туғанына 100 жыл толуына арналған кітабы. Ақтоғайлық өлке зерттеушілері Қ. Қаленов, Ж. Қашқынов, Ө. Нұржановтардың жинақтаған материалдары негізінде басып шығарылған. Кітапта газет беттерінде сақталған қос батырдың ерліктері және батырлар жайлы естеліктер баяндалады. Кітап көпшілік оқырман қауымға, мектеп оқушыларына арналған.

  



 


 

Каренов,К.

Қарлығаштар орала ма [Мәтін] = Когда вернутся ласточки / К. Каренов. - Караганда : Гласир, 2020. - 108 бет.

Бұл кітап Ұлы жеңістің 75 жылдығына арналып шығарылған. Кітап Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақтың батыр, танкист қыздары Жамал Байтасова, Күлкен Тоқбергенова, Күлжәмила Талқанбаева және Жәмила Бейсембаеваларға арналған. Кітапқа келешек ұрпақтың бейбіт күні үшін ерлік көрсеткен батыр қыздар жайлы мағлұматтар енгізілген.

  



 


 

Сейсенұлы,Д.

Ер қазақ[Мәтін]:деректі хикаяттар / Д.Сейсенұлы. -Алматы: Полиграфкомбинат, 2020. -392 бет.

Хәкім Абайдың 175 жылдығына және Алаш арыстарының ардақтысы атанған Мұхамедхан Сейітқұловтың 150 жылдығына орай оқырман назарына ұсынылып отырған бұл кітапта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ғалым, ақын-драматург һәм жазушы, аудармашы, педагог Қайым Мұхамедхановтың (1916-2004) өмірі, сталиндік жүйенің қуғын-сүргініне тап болған қилы тағдыры баяндалады. Жоғары деңгейдегі рух пен ерлік, жан мен ар тазалығы, бойындағы туа біткен талант ғалымды халқына қалтқысыз қызмет етуге алып келді. Қайымның өнегелі өмір жолы бүгінгі жастар үшін де рухани тірек, бағыт-бағдар көрсететін темірқазық болып табылады.

  

  


 

Кеңес Жұмабеков[Мәтін]/ құраст. С.Батырханова. –Алматы. Үш Қиян, 2019. -88 бет.: сур.

Бұл кітапқа Халықтар достығы орденінің иесі Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында табан аудармастан 50 жыл бойына театр өнеріне, ұлт руханиятына абыройлы қызмет етіп келе жатқан, Арқаға ардақты, қазаққа кең танылған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Нарымбайұлы Жұмабековтың өмірі мен шығармашылық өнер жолындағы еңбегі енгізіліп отыр. Көпшілік оқырман қауымға арналған, тілі жатық, оқуға жеңіл, өнер сүйер жастарға берер тағылымы мол.

 

 


 


 

Ақыт шығармалары [Мәтін]: ғұмырнамалық шығарма. -Алматы: Бізбен бірге.-2020. Т.1: Өлеңдер. Қиссалар. Толғаулар.-672бет.

Көрнекті ақын Ақыт Үлімжіұлы шығармаларының екі томдық толық жинағы Қазақстанда тұңғыш жарық көрді. Ақыт шығармалары жалпы оқырманды, жас ұрпақты имандылық пен адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелеуге үлкен ықпалын тигізеді. Кітап зерттеуші ғалымдар мен әдебиеттанушыларға, жоғары оқу орындарындағы студенттер мен оқытушыларына және көпшілік қауымға арналған.
 


 





2019


 

Артықбаев Ж.О.

Бұқар жырау[Мәтін]:ғұмыр белестері.-Қарағанды: «Мағжан»,2019.-148бет.

ISBN    978-601-7950-49-1

Бұл шағын кітапша XVIII ғасырдағы қазақ идеологиясын жасаған,негізгі адами және қоғамдық  ұстанымдарын  қалыптастырған Бұқар жырау Қалқаманұлына (1683-1780) арналған. Кітаптың авторы өз заманында «Көмекей әулие» атанған ұлы жыраудың өмірі мен шығармашылығын көптеген жылдар зерттеп, бір жүйеге түсірген. Сонымен қатар автор Бұқар жыраудың ғылыми сараптамадан өткен толық мұрасын жинақтап, жырау толғауларындағы көнерген ұғымдар мен түсініктерге талдау жасаған. Сондай-ақ кітаптың соңында автордың Бұқар жырауға арналған пьесасы берілген.

Бұл кітап бұқартанушылар мен осы тақырыпқа үлкен қызығушылығы бар оқырман қауымға  арналады.

 

 

 

Қалғып кеткен халықтың намысын оятқан[Мәтін]:Кәмел Жүністегінің өмірі мен шығармашылығы туралы.-Астана: «Фолиант»,2019.-208 бет.

 ISBN   978-601-338-215-9

Сонау алпысыншы жылдары алаш көсемдерінің ісін жалғастырып, «Елін Сүйген Ерлер Партиясын» құрған, «Дүниенің ғажабын өмірдің азабынан іздеген» қазақтың жоқ іздеушісі Кәмел Жүністегі бүгінде сексен жастың сеңгіріне шықты.

Бұл кітап - ұмытылып бара жатқан қазақтың күйлерін нотаға түсіріп, қара аспандағы жұлдыздардың қазақы танымын да, тасқа тұнған таңбалардың құпиясын да насихаттап жүрген жазушы, ақын, өлкетанушының қазақ жұртына сіңірген еңбегінің бір парасы болмақ.

 

 

 

 

Деген екен

Әлімжанов,Б.

Деген екен [Мәтін]/Б. Әлімжанов.-Новосибрск ТД«Граунд»:2005ж. 64бет

Бұл кітапта белгілі жазушы, айтыс ақыны, жыршы, манасшы, драматург Баянғали Әлімжановтың өмірден туған, табан астында тауып айтылған өлеңдері мен қысқа да нұсқа сөздері жинақталған. Ел азаматтарымен әзіл-қалжыңы жарасып жүрген ақын шуақты күлкімен адам бойындағы ізгі сезімдерге әсер етіп, күлдіре отырып ойландырады, бүгінгі заманымыздың сан алуан құбылыстары жайынан сыр шертеді.

Кітап көпшілік қауымға арналған.

 

 

 

  


  

Шығармалары: көп томдық

Әлімжанов,Б.

Шығармалары: көп томдық [Мәтін]/Б. Әлімжанов.-Көкшетау: Келешек-2030,2016ж

Т.7.Деген екен: Толғаулар,арнаулар.Айтыстардан шашу.-2016.-284бет.

Белгілі жазушы, айтыс ақыны, жыршы, манасшы, драматург Баянғали Әлімжановтың көп томдық шығармаларының жетінші томына ақынның толғаулары мен арнау өлеңдері, қағазға түспеген,толық нұсқасы қолда жоқ айтыстарда айтылған бірер өлеңдері мен кейбір айтыстары және «Деген екендері» толықтырылып топтастырылған.

Кітап жалпы оқырман қауымға арналған.

 

 


  

Шоқ жұлдыздар

Жазықбаев Е.

Шоқ жұлдыздар[Мәтін]/ Ерғазы Жазықбаев.-Қарағанды: ТОО «Типография Арко».-2015ж.-144бет.

Бұл кітапқа автордың көп жылдар бойы, қызмет істей жүріп жазған публицистік әңгімелері мен ғұмыр-баяндық шығармалары енгізілген.Ең құндылығы, кітапқа еліміздің дарынды тарландары,мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылары сонымен қатар әр саланың мамандары мен қарапайым еңбектің ерен ерлері, ғалым-ұстаздары, Ұлы Отан соғыс ардагерлері және автордың жеке ой толғамдары кірген. Жазылған туындылар деректі, фото суреттерімен нақтыланған.

 

 

 


 

Рымбала Омарбекова

Рымбала Омарбекова[Мәтін] - Алматы. «Үш Қиян», 2019.-176 бет.

Бұл кітапта еліміздің рухани және әлеуметтік саласының өркендеуіне ерекше үлес қосып жүрген белгілі қоғам және мәдениет қайраткері, көп жылдар бойы Қарағанды облысының мәдениет басқармасының басшысы, облыстық атқару комитеті төрағасының әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары болып абыройлы қызмет атқарған «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Кенжебалақызы Омарбекованың үлгілі өмірі мен абройлы қызметі жайлы еңбектес әріптестері мен шәкіртерінің ықыласқа толы, әр жылдарда жазылған мақалалары топтастырылған. Сондай-ақ Р.К.Омарбекованың қызметіндегі өсу жолы, қарымды қабылеті,адамгершілік қасиеті ұрпаққа өнеге болар парасатты өмір жолы жақсы суреттелген.

Кітап өнер және мәдениет қызметкерлеріне, студенттер мен жастарға, жалпы оқырмандарға арналған.

 

 


 

Жерұйық

Сембай Мағауия

Жерұйық[Мәтін]/ Мағауия Сембай.-Қарағанды: «Типография Арко» ЖШС.-2017ж.-240 бет.

Бұл жинақ-белгілі публицист Мағауия Сембайдың соңғы жылдардағы шығармашылық еңбегінің жемісі. Кітаптың аты айтып тұрғандай, Ұлы Даланы мекен еткен Қазақ Елі үшін Жерұйық іздеу-әрбір қалам ұстаған азаматтың қастерлі міндеті. Ендеше, автордың негізгі мақсаты-халқымыздың Асан қайғы бабамыздан бастау алатын ұлттық идеясының қаламға көшкен нұсқасы.Сондай-ақ қаламгер ұстанымы мен қоғамдық пікірлері Елбасы саясатымен шебер шендесіп,Мәңгілік Ел болу идеяларын қуаттаумен құнды.

Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы мәртебелі сыйлығының 2017 жылғы лауреаты атанған Мағауия Сембайдың осы сыйлыққа лайықты деп табылған экономикалық, әлеуметтік тақырыптарды қозғаған ордалы ойлары мен құнды пікірлерін осы жинақтан оқи аласыздар.

Көркем очерктері мен әсерлі әңгімелері көшпелі ойдың көрігін қыздырса, «Ой-тамызықтары» мен зерттеу мақалалары зерделі жанды бейжай қалдырмайды. 

Кітап көпшілік қауымға арналған.

 


 

 

2018


 

Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерейтойына тарихшы, өлке зерттеушісі Темірғали Аршабековтың жаңа туындысы "Арқаның Әсет ақыны" атты монографиялық ғылыми еңбегі  жарыққа шықты.

 

Аршабеков, Т.

     Арқаның Әсет ақыны/ Темірғали Аршабеков.– Қарағанды: Tengri ltd.- 2017.-240 бет.

    Әсет Найманбайұлының бірқатар шығармаларына ғылыми-зерттеулер негізінде ақпараттар, мұрағат қорларындағы жазбалар енгізілген. Ақын мұрасының өлең-толғаулары, дастандары мен айтыстары онда әділеттік, әлеуметтік тақырыптарында ғибратты жырлары баяндалған.

 

 

 

 

       Алматы қаласындағы Қ. Мұхамедханов атындағы Білім және мәдениет қоғамдық қорының директоры Дина Мұхамедханқызы әкесі Қайым Мұхамедхановтың әдеби мұрасын сақтау және есте қалдыру ісімен айналысады. Дина Мұхамедханқызына жазушы Қайым Мұхамедхановтың кітаптарын кітапханамызға сыйға табыстағанына шексіз алғысымызды білдіреміз.

 

         Әке мен бала – Мұхамедхан Сейтқұлов пен Қайым Мұхамедханов – Отан патриоттары = Отец и сын - Мухамедхан Сейткулов и Каюм Мухамедханов – патриоты Отечества. – Алматы, 2017. - 120 бет.

        Қайым Мұхамедхановтың әкесі М. Сейтқұлов білімді, алашордашы, ислам уағыздаушысы болған адам. Оның қазақ мәдениетінің белгілі қайраткерлерін қалыптастыру жолындағы еңбегі ерен. Ол көптеген қолжазбалар мен тарихи өлең - жырларды жинақтаушы және мәдени мұраны сақтаушы. Ал, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов қолжазбалар мен мұрағат материалдарын анықтап, сақтап, Абай, Шәкәрім, Әуезов Алаш зиялыларының шығармашылығын зерттеудің тұтастай ғылыми бағытына жол салды.Бұл кітапта әкелі-балалы М. Сейітқұлов пен Қ. Мұхамедхановтың қазақ ұлтының болашағы мен ғылымына қосқан үлесі айшықталады. Сондай-ақ кітапта замандастарының Қайым Мұхамедханов туралы пікірлері, ғалымға арналған өлеңдердің библиографиясы, естеліктер берілген.

 

Мұхамедханов, Қ.

      Хаттар сөйлейді = Письма говорят/Қ. Мұхамедханов. - Алматы, 2016. – 336 бет.

      Ғұлама ғалым Қайым Мұхамедхановқа жолданған хаттар топтастырылған бұл кітап өткен тарих беттерін парақтайды. Бұл кітапта ғалыммен бірге жүрген, бірге еңбек еткен ХХ ғасырдың көрнекті тұлғаларымен хат алмасулары берілген, олар: Ж.Сайын, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, С.Марков, І.Омаров, М.Хәкімжанова, Ә.Тәжібаев, М.Әуезов, Т.Иванова, Д. Снегин, С.Мұқанов, Т.Жароков, С.Машақов, Ш.Мұртаза, Ә.Нұршайықов, М.Төлеуов, Н.Анов, А.Сейдембеков, В.Коротич, Х.Ерғалиев, Е.Жақыпов, А.Тоқпанов, Ж.Бектұров, В.Карпов, Ү.Сұбханбердина және т.б. cонымен қатар, аталмыш кітаптағы қазақ және орыс тілдерінде жазылған хаттарда отандық тарих пен ғылым, өлкетану мен мәдениет туралы, Карлагта өткізген ауыр репрессия жылдары жайлы аса танымдық мазмұнды фактілер келтірілген. Хаттардың тақырыбы да, мазмұны да әр алуан. Бірі ұлы тұлғалардың өмірінен сыр шертсе, бірі ел - жер тарихынан мағлұмат береді.

 

     Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтары Федерациясының өңірлік даму бойынша Вице-Президенті, «EDTECH-KZ» Халықаралық білім беру орталығының бас директоры, психология ғылымының кандидаты, Бейсембаев Ғани Бектайұлы облыс кітапхана қызметкерлерінің біліктілігін көтеру, кәсіби құзіреттілік тақырыбы төңірегінде ұйымдастырылған «Кәсіби құзыреттілік: мақсатқа жетудің құралдары» (психологиялық аспект) - облыстық семинарында «Кітапханашы – психолог: жаңа мүмкіндіктер көкжиегі» тренингін өткізді. «Мамандық таңдау әліппесі - Азбука выбора профессии» атты жас түлекке мамандығын таңдауға бағытталған алғашқы көмекші құралды сыйға тартты.

 

 

Бейсембаев, Ғ.

    Мамандық таңдау әліппесі: жас түлекке мамандығын таңдауға бағытталған алғашқы көмекші құрал /құраст.Г.Тельгазиева, М. Бағыбаева. – Алматы: Айтұмар, 2017. -38 бет.

     Кез-келген адам бақытты болуды армандайды. Ол үшін өмірде екі таңдаудан жаңылмаған дұрыс. Оның бірі мамандық. Әлемде шамамен 50 000, ал Қазақстанда 7 000 мамандықтың түрі бар. Ендеше мамандық таңдау оқушы жастар үшін маңызды іс екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан да біз оны ӘЛІППЕ деп атадық. Бұл, жас түлекті мамандықтар әлемімен таныстыратын алғашқы құрал. Яғни, оқушы үшін мамандық танудың тұңғыш қадамы.

 

    Кітапхана оқырмандарынан құрылған «БОТА» интеллектуалды жастар орталығының белсенді мүшелері болған, қазіргі кезде елімізге танымал тұлға, философ, мәдениеттанушы, абайтанушы, дінтанушы Омар Жәлелұлы "Харекет" кітабын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, журналист Төлен Тілеубай «Тәуелсіздік-тұмарым» атты кітаптарын сыйлады.

 

Жәлелұлы, О.

     Харекет: монография, зерттеу мақалалар /Омар Жәлелұлы.-Астана: Профи Медиа,2016. -512 бет.

   Кітапқа Абайдың «Адам бол – мал тап» қағидатына негізделген, адамды еңбек етуге жігерлендіретін, адами болмыс-бітімін, ар - абыройын сақтап қалудың жолдарын нұсқайтын «Еңбек-рух» атты монография мен қазақы дүниетанымның қайнарынан қанып ішкен ғұламалар (Ясауи, Бұқар жырау, Абай, Мәшһүр Жүсіп,  Шәкәрім) шығармаларындағы Жаратушы мен пенденің, пенде мен дүниенің, пенденің өз-өзімен  қарым-қатынас табиғатын тануға ұмтылған ғылыми  мақалалар мен зерттеулер енген.

 

 

 

   Алаштың айбарлы ақыны, әдебиет әлемінде орны дара драматург, ҚР Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты М.Шаханов «Мұхтар Шахановтың әлем мойындаған шыншыл рухы және ұстанымы» атты кітабын сыйға тартты. Ақындығы мен азаматтығын бір арнада тоғыстырған Мұхтар Шаханов ағамызға зор алғысымызды білдіреміз.

 

    Мұхтар Шахановтың әлем мойындаған шыншыл рухы және ұстанымы/ құраст. З. Әубәкір, С. Ахметова. –Алматы, 2017.-296 бет.

    Мұхтар Шахановтың есімі Біріккен  Ұлттар Ұйымының Алтын кітабына жазылған. Бұл жинаққа Мұхтар Шаханов туралы әлемдік, отандық тұлғалардың, мемлекет, қоғам қайраткерлерінің пікірлері, ақынға арналған жырлар, ақынның ұлт мүддесі, қоғамның көкейтесті мәселелерін көтеретін еңбектері енгізілген.

 

 

 

 

 

      Тілеубай, Т.

        Тәуелсіздік тұмарым/ Төлен Тілеубай.-Астана,2016 -262 бет.

    Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Шабыт» Халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің «Журналистика» аталымының Гран-При иегері, белгілі журналист Төлен Тілеубайдың еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарық көрген бұлжинағына әржылдары қазақ баспа сөзінде жарияланған сұхбаттары, сараптамалық мақалалары және публицистикалық шығармалары топтастырылған.

 

 

 

     Қарағанды қаласының Достық үйінде украин қоғамы Украинада Шевченко күндерінің өтуі аясында ақын және суретші Т. Шевченконың қазақ тіліне аударылған «Кобзарь» кітабының тұсаукесерін өткізді. «Буркек» баспасынан шыққан кітапты қазақстандықтарға  Қазақстандағы Украин елшілігінің бірінші хатшысы Владимир Джиджора табыстады.

 

Шевченко, Т.Г.

      Кобзарь/Т.Г.Шевченко; ред. К. Жумашева. - Чернивици: Букрек, 2014. - 280 бет.

    Бұл кітап Тарас Шевченконың туғанына 200 жыл толуына орай шығарылған. «Кобзарь» кітабы - өз елінің патриоты болған әрбір украин үшін киелі кітап. Украин халқының ерлікке, патриоттық қимылға толы өткен өмірінің көріністері ақын қаламынан қағыс қалған жоқ. Оның «Иван Подкова» (1839), «Тарас түні» (1839), «Гайдамактар» (1841), «Гамалия» (1842) атты поэмалары осы тақырыпқа арналған. Оның шығармалары халықтың азаттық жолындағы күресіне және ерлік рухына толы.

 

 

 

Попов, Ю.Г. Краеведческая деятельность в Казахстане и России (к 80-летию со дня рождения) / Ю.Г.Попов. – Караганда, 2017. – 39 с.

 

Белгілі қазақстандық өлкетанушы, тарихқа берілген адам, нағыз патриот Юрий Григорьевич Поповтың 80-жылдығына орай шығарылған кітапта оның Қазақстанның, Ресейдің тарихи-мәдени мұраларын сақтау жөніндегі қайран қаларлық қызметі көрсетіледі.
Басылымда біздің елімізде және Ресей Федерациясында басылған кітаптар мен мақалалардың, Ю.Г. Попов туралы әдебиеттің библиографиясы, деректі фильмдерге жасаған сценарийлері, 1994 жылы «ИнтерКараганда» телеарнасында көрсетілген «Под небом Сарыарки» авторлық бейнефильмдерінің тізімі беріледі.
Тверь және Псков облыстары бойынша өлкетану материалдарының топтамалар тізімі үлкен қызығушылықты танытады. Барлық материалдар 1994 жылдан бастап 2004 жылға дейінгі мерзім ішінде ізденістер, зерттеулер барысында жинақталған.
Осы кітапты Юрий Григорьевич Поповтың атынан оның ұлы Павел Юрьевич кітапханаға сыйлық ретінде тапсырған.

 

 

Тойжігітов, Әли

Т 49   Өнегелі өмір.-Қарағанды: «Гласир», 2017-348 бет., 200 сурет

ISBN 978-601-7921-13-2

 

Әли Тойжігітов-Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Алтын Сұңқар», «Нұр Сұңқар» сыйлықтарының және «Алтын қалам» сыйлықтарының лауреаты, ҚР Ақпарат саласының үздігі,

ҚР Мәдениет қайраткері тележурналистика саласында 40 жылға тарта еңбек етіп келеді. Осынау аралықта ол Қарағанды телеарнасында көптеген танымалы тұлғалармен кездесіп, арнайы хабарлар дайындап, әңгіме-сұхбаттар өткізді.

Журналист Әли Тойжігітовтың кітапханамызға сыйға тарқан «Өнегелі өмір» кітабының бірінші және екінші бөлімдерінде облысымыздың дамуына елеулі үлестерін қосқан танымал тұлғалардың өнегелі өмірі мен ғибратқа толы ғұмыры әңгімеленеді.Ал үшінші және төртінші бөлімдерде журналистің әдебиет пен көркем шығармалар жайындағы сын-пікірлері, туған жер туралы естеліктері және өмірден түйген ой-пікірлері топтастырылған.Қарымды қаламгердің тілі жатық, оқуға жеңіл кітабы көпшілікке арналған.