2021 жылдың 17 ақпаны күні Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Мейірхан Адамбековтың шәкірті, әнші, ұстаз Уатхан Заханқызының «Ән қанатындағы ғұмыр» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Мақсаты: Ерекше дауыс иесі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Мейірхан Адамбековтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау. Қазақ ән өнерін оқырмандар  арасында кеңінен насихаттау, М.Адамбековтың әндері арқылы жастарды әсемдікке, елжандылыққа тәрбиелей отырып, өнер әлемінің сырын ашу.

Бұл шараға әнші, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты - Жақсыкелді Кемалов, айтыскер ақын, ф.ғ.к., доцент - Айтбай Жұмағұлов, Мейірхан Адамбековтың баласы - Алданыш Мейірханұлы, Қ. Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің басшысы – Талғат Ыдырысов, «Сарыарқа» телеарнасы басшысының орынбасары, Қазақстан Журналистер Одағы филиалының төрағасы - Жәнібек Махмұтұлы, Қазақ ұлттық өнер университетінің 4 курс студенті - Қуандық Төкенов, Қарқаралы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры - Бағдат Бейсенова, кітапхана ұжымы және т.б. қонақтар  қатысты.

Уатхан Заханқызы – Монғолия елінің тумасы, Қарағанды облысы Осакаров ауданына бала кезінде ата-анасымен бірге көшіп келген, орыс мектебін бітірген. 2003-2006 жылдары Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінде оқыған, Мейірхан Адамбековтың шәкірті. 2007-2011 жж. Қазақ Ұлттық консерваториясының түлегі.

Кітапта Мейірхан Адамбековтың өмірбаяны, өнер жолы, ұстаздық қыры, шәкірттерінің естелігі жазылған. Сонымен бірге, әншінің репертуарындағы бірнеше ән нотаға түсірілген.

Келген қонақтар марқұм Мейірхан Адамбековты жерлес, қадірлі  дос, ұлағатты ұстаз, аяулы жан ретінде еске алып, шәкірттері марқұмның репертуарынан бірнеше әндер орындады.

Кеш соңында кітаптың авторы келген қонақтарға және кітапхана ұжымына ризашылығын білдіріп, кітаптарын сыйға тартты. Барлық қатысушыларға арнап Жыр алыбы Жамбылдың «Қайран 25» ән-шашу ретінде орындап берді.

#Бектуровка      #МейірханАдамбеков    #әнші   #колледжТаттимбета