2021 жылдың 15 шілдесі күні Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында Еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған, сол 1991 жылы дүниеге келіп, Егемен Қазақстанмен бірге бой түзеп, өсіп келе жатқан қаламыздың тұрғыны, кәсіпқой әнші Мастура Болатқызы Асановамен «Тәуелсіздік құрдастары» атты сыр-сұхбат өтті.

Сұхбат барысында Мастура Болатқызы өзі жайлы баяндап берді. Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында туып, балалық шағы сол жерде өткен. Алғашқы білімін де сол Жаңаарқа ауданында алған. Еліміз Тәуелсіздігін жариялаған кезде өмірге келгеніне өзін бақытты санайды және де «Тәуелсіздіктің құрдасымын» деп зор мақтаныш айтады. Негізгі мамандығы психолог. Арнайы музыкалық білімі болмаса да, ән орындауды бала кезінен жақсы көреді. Қазіргі кезде өмірлік жары Нұржан екеуі отбасылық дуэт ретінде көпшілік қауым алдына шығып жүр. Репертуарларында халық әні, сонымен бірге заманауи әндер де бар. Мастура өзінің кәсіпқой әншілік кәсібінде қыздардың ұзату тойларында «Сыңсу» орындайды, басты мақсаты қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп, насихаттау.

Оның өмірінде кітаптың алатын орны да бөлек. Ол көбіне салт-дәстүр, бала тәрбиесі, адамгершілік, сыйластық туралы жазылған кітаптарды қызыға оқитынын айтты. Қазіргі кезде танымал болып жүрген жас блогер Камила Әділханның «Орындалған 100 арман» атты кітабына тоқталды.  Бұл кітапта автор оқырманды көп армандауға шақырады және сол армандардың қашанда болсын орындалатынына сендіреді.

Сондай-ақ, Мастура жас болса да, ұлттық нақышта тігілген киімдерге де басты назар аударады. Оның әлеуметтік желідегі суреттерінен байқауға болады. Оның осындай ұлттық нақышта тігілген киім дүкенін ашу арманы бар. Сұхбат соңында біздің жас оқырмандарымызға жақсы тілек айтып, жастарды көп ізденуге, кітапты көп оқуға, сабырлы, шыдамды болуға шақырды. 

 

#Бектұровкітапханасы#жасөспірімдер#тәуелсіздік30жыл #тәуелсіздікқұрдастары#сырсұхбат