17.02.2025ж, Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында қазақ радиосының мақтанышы, дауыс өнерінің шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Сауық Жақанованың 80 жылдық мерейтойына арналған кездесу өтті.
Ол – қазақ дикторлық өнерінің биік шыңына шыққан дара тұлға. Оның үні сан миллиондаған тыңдарманның жүрегіне жол тауып, радио мен телевидение саласында өшпес із қалдырды.
Сауық апамыз Алматы қаласынан ZOOM платформасы арқылы байланысқа шығып, 15 ақпан күні Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхананың ұйымдастырылуымен өткен «Сахара сандуғашы» атты кітабының таныстырылымы болғаны жайлы айтып, шараға қатысып отырған жастарға батасын берді.
Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті филология факультеті қазақ журналистикасы бөлімінің 2 курс студенті Құдайберген Мағжан Сауық Жақанова туралы презентация дайындап, Аманжол Нұрасыл «Сауық апайға» атты арнауын орындады. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті филология факультетінің журналистика кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымының магистрі Әлімжан Құтжанұлы Жақан, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Жұмағали Диарұлы Мағзи, Сауық Жақанованың бауырлары Қосман Мәсіғұтұлы, Әбдікамал Жұман, жеңгесі Гүлшара, сыныптасы Шілікбаев Аман әдемі естеліктер айтып, жылы лебіздерін білдірді. Шара барысында қатысушылар Сауық Жақанованың өмірбаяны жайында «Өмір дастан» атты бейнебаян тамашалады.
Шараға қатысқан Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенттері Ержанова Мәншүк М. Мақатаевтың «Үш бақытым», Серікхан Сымбат М. Шахановтың «Тілек», Советов Батырхан Ф. Оңғарсынованың «Жақсы көру» өлеңін оқыса, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті тарих факультетінің 3 курс студенті Рашидов Қазбек Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін орындап, іс-шараның сәнін келтірді.
https://uniorlib.kz/index.php/kz/2017-07-11-05-27-39/1560-17-a-pan-2025#sigFreeIdd263f13707