13 наурызда Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 1 дәрежелі «Достық», «Парасат» ордендерінің иегері, сыршыл лирик ақын Тұманбай Молдағалиевтің 90 жыл толуына орай «Қазақ деген халықтың баласымын» атты әдеби-сазды кеші өтті.

Мақсаты - Тұманбай Молдағалиевтің шығармашылығын дәріптеу, ақынның талантына құрмет көрсету, өлеңдеріне деген сүйіспеншілікті арттыру. Іс-шарада қатысушыларға ақынның қазақ әдебиетіне қосқан өлшеусіз еңбегі туралы мағлұматтар берілді. Т.Молдағалиевтің өміршең өлеңдері, халық сүйіп тыңдайтын әндері туралы бейнебаян көрсетілді.

Шара барысында «Жақып Ақбаев атындағы жалпы білім беретін мектебі» оқушылары ақынның «Туған жерге», «Ана», «Наурыз келді ауылға нарға мініп», «Көктем» атты өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтты. Т. Молдағалиевтің жырларына жазылған «Туған ел», «Құстар қайтып барады», «Жан досым» әндері шырқалды. Ақын, журналист Жүрсін Ерманның Тұманбай Молдағалиевке арнауын Қарағанды облыстық жоғары мейіргерлік колледжінің I курс студенті Айтмұханова Мерей оқыды. Тұманбай шығармашылығы өскелең ұрпақты патриоттық сезімге, отансүйгіштік дәстүрлерге тәрбиелеуде мол үлес қосты.