Ұлыстың ұлы күні Наурыз жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі бойынша 19 наурыз – «Жаңару күні» «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты мерекелік шара өтті. Шараның мақсаты - қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын еске алу, ұлттық тағамдар мен ұлттық ойындар жайында ақпарат беру және жастар арасында насихаттау.

Шараны «Арқа жігіттері» тобы жарапазанмен бастады, шашу шашылды. Қаламыздағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» «Сәулем-ай» ардагерлер хоры ұжымының мүшелері, ақжаулықты әжелер Калиева Үміт пен Садвакова Рымсара  қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына тоқталып, «Бесікке салу» рәсімін жасады. «№14 мектеп-гимназиясының» өнерлі оқушылары Қамай Дархан Мейрамұлының жетекшілігімен «Асық ату», «Бес асық», «Арқан тарту» сияқты ұлттық ойындардың түрлерін көрсетті. «Қасым Аманжолов атындағы балалар музыка мектебінің» оқушылары Төлеуқұл Дінмұхамед Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнін,  Әсет Жанұзақ Кенен Әзірбаевтің «Көкшолақ» әнін, жетекшілері Бойғотанов Ерден Жұматайұлы Ақан серінің «Қара нар» әнін орындап шараның сәнін келтірді.  «Сәулем-ай» ардагерлер хоры ұжымының мүшесі Хамитов Амантай ақсақал жастарға бата берді.  Қатысушылар салт-дәстүр, әдет-ғұрып туралы сұрақтарға жауап беріп, шара соңында «Қара жорға» биін биледі.

Шараға  «№14 мектеп-гимназиясының», «Қ. Аманжолов атындағы балалар музыка мектебінің», «Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінің» оқушылары, Қарағанды машина жасау колледжінің студенттері қатысты.