26.11.2024ж., Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет республикалық акциясы аясында «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» атты кездесу-диалог іс-шарасы өтті.

Шараның мақсаты: қоғамда зорлық-зомбылыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру; зорлық-зомбылықтың түрлерін, салдарын түсіндіру және оған қарсы әрекет ету жолдарын көрсету; адамгершілік, мейірімділік, татулық құндылықтарын насихаттау.

Шараға «№14 мектеп-гимназиясының» @14mektep_gimnaziasy психологы Хазирова Мерей, әлеуметтік педагог Рамазан Перизат, сондай-ақ «Қарағанды қаласының отбасын қорғау» орталығының @otbasy.ortalygy.krg маманы Еркін Айкерім қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.

Іс-шара барысында Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің, «БОЛАШАҚ» колледжінің @kvkbolashaq студенттері мен «№14 мектеп-гимназиясының» оқушылары белсенділік танытты. Олар зорлық-зомбылықтың зардаптары мен алдын алу шаралары туралы терең ой қозғап, өз өнерлерін көрсетті. Қатысушылар «Қасірет пен қайғы» тақырыбында монолог оқып, арнайы дайындалған презентацияларымен бөлісті, сондай-ақ жүрекке жетерлік өлеңдер оқыды.

Бұл кездесу қоғамдағы маңызды мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік беріп, жастардың зорлық-зомбылыққа қарсы күреске белсенді қатысуына шабыт берді.