2024 жылдың 28 қарашасында Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында әдебиетсүйер қауым үшін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, көрнекті ақын Руслан Нұрбайдың 50 жылдық мерейтойына орай «Жыр деген сол үш әріпке ғашық боп» атты жастармен кездесу кеші өтті.
Кешті ақын Ерқанат Кеңесбек шеберлікпен жүргізді. Шараның шымылдығын кітапхана басшысы Нұргүл Қасымханқызы ақынға деген құрметін білдіріп, құттықтау хатын табыстап, ашып берді.
Кеште әдебиет әлемінің беделді өкілдері ақынның шығармашылығына құрмет көрсетті. Қайрат Иманбеков, Салтанат Кеңесбекова, Сұлтан Дәулетхан секілді ақындар, сондай-ақ жас қаламгерлер Ерік Нарын, Қасымхан Ғалым, Бекзат Берістем, Бектас Жұман сахна төріне шығып, жүрекжарды өлеңдерін оқыды. Бұл поэзия мерекесі тыңдарманға шабыт сыйлап, әдебиетке құштарлықты оятты.
Руслан Нұрбайдың өлеңдерін кітапхана оқырмандарынан құралған «БОТА» жастардың интеллектуалды орталығының белсенді жастары да ақын шығармашылығына құрмет көрсетіп, сый жасады. Іс-шарадағы әрбір сәт шынайы достық пен шығармашылық рухта өрбіді.
Ақынның өзі де жастардың сұрақтарына жауап беріп, поэзияның мәні мен өмірдегі рөлі жайлы ой бөлісті. Сонымен бірге, шараға «Мәдениет саласының үздігі» Ержан Базарбеков қатысып, әсем әндерін орындап кештің сәнін келтірді.
Бұл кеш тек ақынға ғана емес, жалпы әдебиет пен өнерді қадірлейтін жандар үшін үлкен шабыт пен қуаныш сыйлаған ерекше шара болды. Келушілер осындай әсерлі кездесулер жиі ұйымдастырылса деген тілектерін жеткізді.
https://uniorlib.kz/index.php/kz/2017-07-11-05-27-39/1666-28-arasha-2024#sigFreeId13a111d3fb