«Қаһармандықтың даңқы» акциясы аясында балаларға қызмет көрсету бөлімінде Отан қорғаушы күніне арналған «Қасиетті іс – Отанға қызмет ету» атты патриоттық сабақ өтті.

Құрметті қонағы – Ауған соғысының ардагері, запастағы полковник, Қарағанды облыстық «Ауғанстан соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағы» қоғамдық бірлестігінің өкілі, қазіргі таңда Ә.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің әскери кафедрасының меңгерушісі Қайрат Балташұлы Әбішев болды. Ол Ауғанстандағы әскери іс-қимылдарға қатысқаны туралы айтып, жастарға ақыл-кеңес беріп, әрдайым аспанымыз ашық болсын деп тілек білдірді.

Мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатының оқушылары тамаша музыкалық шығармалар орындады: Сағат Нұрасыл – М.М. Огинскийдің «Полонезі»; Әбілқасым Сұлтантемір – «Қос алқа», «Сарыкөл-Самар» күйлері; Мақсұт Медеу – баян аспабында Ықылас Дүкеновтің «Ерден» күйін А. Гайсиннің өңдеуінде орындады; Мыңбаева Ұлжан – домбырамен «Маусымжан» әнін, сондай-ақ көне қазақтың сазсырнай аспабында «Бал құйылды даладан» әнін орындады. Аккомпаниатор – Витюк Елена Михайловна.

Іс-шараға Н.Әбдіров атындағы жалпы білім беретін мектеп оқушылары қатысты.

«Елім менің, мен сенің азаматыңмын» атты кітап көрмесінде жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу тақырыбын ашатын кітаптар мен мерзімді басылымдар, сондай-ақ Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихы мен қазіргі жағдайы жайлы материалдар ұсынылды.