2 мамыр күні «Туған күніңмен, ардагер!» патриоттық десанты аясында Ұлы Отан соғысының ардагері, қарағандылық Сәттіғұлов Сұңғат Смағұлұлын 102 жасқа толуымен және Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтауға Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері, Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің тәрбиеленушілері мен тәрбиешісі Қарабалина Данара Қайратқызы барды. @sportinternatkrg

Сәттіғұлов Сұңғат Смағұлұлы 1923 жылы 1 қаңтарда Қазақ КСР-інің Павлодар облысында дүниеге келген. 1941 жылы Қарулы Күштер қатарына шақырылды. Жаяу әскер училищесін бітіргеннен кейін майданға жіберілді. Миномет взводының командирі ретінде шайқастарға қатысты. Сталинград шайқасына қатысқан. 1943 жылы Сталинград түбіндегі ұрыстардың бірінде лейтенант Сәттіғұлов жарақат алды. Емделіп, 1944 жылы қайтадан майданға оралды. Минск қаласын азат етуге қатысқан.

Сұңғат Смағұлұлы бірқатар мемлекеттік наградалармен, атап айтқанда екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, "Жауынгерлік еңбегі үшін", “Германияны жеңгені үшін”, “Сталинградты қорғағаны үшін” медальдарымен, мерейтойлық медальдармен марапатталған. 1956 жылдан бері ардагер Қарағанды қаласында тұрады.

Елге жасаған ерлігі мен жанқиярлығы, Ұлы Жеңіске қосқан баға жетпес үлесі, тәуелсіз елдегі бейбіт өмір үшін алғыс ретінде кітапхана қызметкерлері ардагерге гүл шоғын, құттықтау ашық хатын табыстады. Әлия Молдағұлова атындағы мектеп-интернат-колледжінің тәрбиеленушілері Сұңғат Смағұлұлына арнап өлең оқып, құттықтау плакаты мен тәрбиеші және оқушылар дайындаған сыйлықтарды табыс етті.

Ардагер жастарға жүрекжарды алғысын білдірді. Ол Жеңіс күнін қарсы алған сәтін әлі есінде сақтап келеді. Жастарға арнаған өсиетін мынадай сөздермен айтты: «Аспанымыз ашық болсын, ата-бабамыздың ерлігін лайықты жалғастырушы болыңдар!».