2025 жылғы 29 мамырда Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Көкжиек» мемлекетаралық кәсіби жобасы аясында «Нейрожелімен шығармашылық: кітапхана технологияларындағы жасанды интеллект» атты семинар-воркшоп өтті. Іс-шараға Қарағанды облысының аудандық және қалалық кітапханаларынан 30-дан астам маман қатысты.

   Семинар қатысушыларына арнап алғысөз сөйлеген Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының басшысы Нұргүл Қасымханқызы Қаленова аталған шараның жасанды интеллект технологияларын облыс кітапханаларында дамытудағы маңызын атап өтті.

   «Библиографиялық іздестіруде жасанды интеллект технологиялары», «Ж. Бектұров атындағы ҚОЖК тәжірибесінде жасанды интеллектіні қолдану» атты тренинг-сессиялар барысында кітапханашылар нейрожелілермен тікелей жұмыс істеп, олардың мүмкіндіктерін бағалап, бұл технологиялардың әрбір кітапхана жағдайында қолжетімді әрі қолдануға лайық екеніне көз жеткізді.

     Семинар барысында Ресей Федерациясы мен Беларусь еліндегі әріптестермен онлайн байланыс ұйымдастырылды.

    Иркутск облыстық жасөспірімдер кітапханасының жоба басқару бөлімінің жетекші кітапханашысы Александр Максимович Пищугин «Жасөспірімдермен жұмыс істейтін кітапхана қызметінде нейрожелілерді пайдалану тәжірибесі» тақырыбындағы баяндамасында жастар арасында өткізілген нейроакциялар, Цифрлық технологиялар апталығы жөнінде айтып, олардың танымалдығын атап өтті. Сондай-ақ, ол И.П. Уткин шығармашылығын насихаттауға арналған жобаларды және XVIII ғасырдың ортасынан XX ғасырдың басына дейінгі әртүрлі елдердің мұрағаттық құжаттарын танитын Яндекс нейрожелілерін таныстырды.

     Беларусь ұлттық техникалық университетінің Ғылыми кітапханасының электронды ресурстар бөліміне қарасты репозиторий қалыптастыру және интернет-технологияларды дамыту секторының меңгерушісі Алексей Викентьевич Ковалевский түрлі нейрожелілер туралы айтып, жасанды интеллект бойынша біліктілікті арттыру курстарының жұмысына тоқталды.

   Одан кейін Android Studio интеграциялық ортада жасалған «Бектұровка» қосымшасының таныстырылымы өтті. Қосымшаны Ж. Бектұров атындағы ҚОЖК кітапханалық процестерді автоматтандыру бөлімінің жүйе технигі Мұхан Інжу Ермекқызы таныстырды. Облыс кітапханашылары қосымшаны өздерінің мобильді телефондарына орнатып, болашақта қолдануға болатын мүмкіндіктерін жоғары бағалады.

Семинар соңында қатысушыларға Ұлттық құрылтайдың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан eGov Mobile қосымшасы арқылы өтетін «100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасына қатысу ұсынылды.

Сауалнаманың басты мақсаты – елдің әдеби мұрасын сақтау мен дамыту, қазақстандық жазушылар шығармаларын насихаттау, оқуға деген қызығушылықты арттыру және баспа ісін қолдау.