15 қазан күні Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында Ресейдің Пенза облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының бастамасымен өтетін «Кітапханадағы Лермонтов поэзиясы күні» атты XIII халықаралық акциясы аясында «Жанымызға жақын оның туындылары» атты әдеби сағат өткізілді.

Акцияның мақсаты – жас ұрпақты ұлы орыс ақыны және жазушысы М.Ю.Лермонтовтың бай әдеби мұрасымен таныстырып, олардың рухани дүниесін байыту, әдебиет пен өнерге қызығушылығын арттыру.

Іс-шараның жүргізушісі өз сөзінде Михаил Лермонтовтың ақын, суретші, драматург және музыкант ретінде сан қырлы шығармашылық иесі екенін атап өтті. Оның туындыларында жалғыздық, еркіндікке ұмтылыс, жан тебіренісі, өзін-өзі тану сынды тақырыптар көрініс табады. Бұл идеялар қазіргі жастардың да жүрегінен орын табуда.

Қарағанды машина жасау колледжінің студенті Игорь Беляев және академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің студенті, клубының мүшесі Артемий Оленберг М.Лермонтовтың, Иоганн Вольфганг Гётенің және Абай Құнанбайұлының өлеңдерін түпнұсқа тілдерінде мәнерлеп оқыды. Залда ұлы ақындардың жырларына жазылған түрлі жанрдағы музыкалық шығармалар орындалды.

Әдеби ойын жасөспірімдердің шынайы қызығушылығын оятты. Қатысушылар М.Лермонтовтың өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға белсенді жауап беріп, өз білімдерін көрсетті.

Іс-шара барысында екі тақырыптық кітап көрмесі ұйымдастырылды: «Жанымызға жақын оның туындылары» – Михаил Лермонтов шығармашылығына арналған, «Ұлы даланың ойшылы» – М.Лермонтов шығармаларын қазақ тіліне аударған Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай безендірілді.

Шараға «FRIENDSHIP» жеке орта мектебінің 7–8 сынып оқушылары қатысты.