22 қазан күні балаларға қызмет көрсету бөлімінде Республика күніне арналған «Қыран елім - Қазақстаным!» патриоттық акциясы аясында «Менің Отаным – Қазақстан» атты мазмұнды ақпараттық сағат өтті.

Іс-шара Мемлекеттік Әнұранның шырқалуымен салтанатты түрде ашылды. №97 гимназияның 3-сынып оқушыларына еліміздің басты мемлекеттік мерекелерінің бірі – Республика күні туралы кеңінен әңгімеленіп, оның тарихы мен тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолындағы ерекше маңызы түсіндірілді. Балалар еліміздің мемлекеттік рәміздерімен, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тарихи оқиғалармен және Қазақстанның жетістіктерімен танысты. Танымдық бөлімде оқушылардың қызығушылығын арттыру мақсатында тақырыпқа сай бейнеролик көрсетіліп, әсерлі талқылау ұйымдастырылды. Сонымен қатар, балалар Отан, бірлік және тәуелсіздік тақырыбындағы қызықты интерактивті ойындарға белсене қатысып, өз білімдерін көрсетті.

Іс-шара соңында «Менің Отаным – Қазақстан» атты кітап көрмесіне шолу жасалды. Көрмеде еліміздің тарихы мен мәдениетін, ұлттың рухани байлығын, Қазақстанның даңқты тұлғаларының өмірі мен еңбегін танытатын әдебиеттер ұсынылды. Шара жас оқырмандардың отансүйгіштік сезімін арттырып, туған еліне деген мақтаныш сезімін нығайта түсті.