21 қараша күні Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Тарих. Тұлға. Тағдыр» жобасы аясында ұлы ғалым-ағартушы, шығыстанушы, тарихшы, фольклортанушы, этнограф Шоқан Уәлиханов пен ғалым-этнограф, публицист, зерттеуші Григорий Потаниннің 190 жылдығына арналған «Ардақты тұлғалар» атты тарихи кеш өтті.
Іс-шараға онлайн түрде тарихшылар, оқытушылар, сондай-ақ Қостанай облысы Сарыкөл ауданынан шыққан Ш. Уәлихановтың жерлестері қатысты. Олардың ішінде – Солдат Малбақұлы Дүтпаев, өлкетанушы, «Шоқан Уәлихановтың ізімен» атты халықаралық экспедицияның ұйымдастырушысы және қатысушысы.
Қарағанды тарапынан қатысқандар: т.ғ.к., Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің Қазақстан тарихы және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Жамбыл Азмуханұлы Жұмабеков, Г. Потанин атындағы жалпы білім беретін мектептің директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Назым Сағатбекқызы Мейірбек.
Кеш модераторы - ҚарМУ-нің «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының» ассистент–профессоры Камшат Жақсылыққызы Абдрахманова.
Іс–шара барысында қатысушыларға мазмұнды баяндамалар ұсынылып, екі тұлғаның достығы мен ғылыми байланыстары, олардың Қазақстан тарихы мен этнографиясына қосқан үлесі туралы тың деректер айтылды.
Кеште Жайық Бектұровтың Ш.Уәлиханов пен Г.Потаниннің шығармашылық мұрасын насихаттауға қосқан үлесіне ерекше назар аударылды. Бектұров ғалымдардың мұрасын терең зерттеп, олар туралы мақалалар жазды, сондай-ақ жас Шоқан білім алған Омбы семинариясына мемориалдық тақта орнатудың бастамашыларының бірі болды. Ж. Бектұровтың ғылыми және қоғамдық қызметі — қос ұлы ғалымның есімін ұлықтау ісіндегі маңызды бағыттардың бірі.
Сонымен қатар іс-шараға Қарағанды медицина университетінің «Күретамыр» тарихи-өлкетану үйірмесінің мүшелері, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенттері, Григорий Потанин атындағы және Н. Әбдіров атындағы жалпы білім беретін мектептердің оқушылары мен мұғалімдері қатысты.
Іс-шарада Ш. Уәлиханов пен Г. Потаниннің өмірі мен ғылыми мұрасына арналған бейнероликтер көрсетіліп, арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесіне шолу жасалды.
Мұндай танымдық іс-шаралар жастарға тарихи сананы қалыптастыруда, ұлттық тұлғаларды танып-білуде үлкен тәрбиелік мәнге ие.
https://uniorlib.kz/index.php/kz/2017-07-11-05-27-39/1960-21-arasha-2025#sigFreeIda19d6efeeb
