Кешегі күні, яғни қаңтардың 13-і жұлдызында Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Еліне еркін, еркелеп өскен, мен де бір аңғал тентек емес пе ем...» атты ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайрат Асқарды еске алу шарасы өтті. Өйткені осы күн ақкөңіл, абзал жанның өмірге келген күні болатын.
Биылғы маусым айында мәңгілікті бетке алған жерлес жыр жампозын жұртшылық сағынып қалыпты. Кітапхана көлігімен топталып, дарынды ақынның мәңгілік мекеніне зираят еттік. Тоқсаныншы жылдардың ортасында осы жердегі оқырман жастардан құралған «БОТА» интелектуалды жастар орталығының беделді мүшесі Қайрат Бекайдарұлы талай республикалық жыр мүшайраларының жүлдегері, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Кешке ақынның ата-анасы мен апа-қарындас, аға-бауырлары, тілші-ұстаз-қаламдас қауымның біразы жиналып, кешті кітапхана басшысы Нұргүл Қасымханқызы Каленова Қайрат Бекайдарұлы туралы жылы естелігімен бастап берді.
Қайрат Қарағандының төл баласы, ол бірінші сыныптан бері облыс орталығындағы мектеп-интернатта оқыды. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің талантты түлегі еді. Диплом алысымен өзінің тұсауын кескен №2 Н.Нұрмақов атындағы мектепте мұғалім боп бастады. Е. Бөкетов атындағы Қар МУ-де, «Болашақ» колледжінде ұстаздық қызметтер атқарды. Облыстық жастар саясатының ресурстық орталығында рухани шаралардың басы-қасында жүрді. Қарағанды облыстық «Сарыарқа» ақпараттық холдингінің «life-09» арнасында редактор боп, журналистиканың да дәмін татты. Астанаға қоныс аударатын жылы Кеншілер мәдениет сарайында ұйымдастырушылықпен айналысты.
Кірпікке кіреуке мұң ұялаған рухани кеште ақын бауырымыз жайлы жып-жылы естеліктер айтылды. Сезімтал студент інілері ізетті жырларын жолдады. Қайрат ақынның сөзіне жазылған әндерді елге белгілі жерлес өнерпаздар нақышына келтіре орындады. Әнші-замандасы Ержан Базарбеков Қайраттың он алты жасында жазған «Ауылыма кетем» әнін шырқады. Бұл сағыныштың әнін өнертанушы, ұстаз-ағасы Ерлан Төлеутай шығарған еді. Сондай –ақ, сахна сәніне айналған отбасылық дуэт Амангелді мен Зағыпыран орындаған Марғұлан Уәли бауырымыздың «Сен ғана..» әні, бірге оқыған досы Қамбар Таласбаевтың орындауында «Анашым» әні де әсерлі шықты. ҚарҰЗУ-ң студенті Ұлан Қазыл Мейрамбек Бесбай безбендеген «Сен неткен көрікті едің» әнін шашу етті.
Ақын жайында деректі фильмдерден үзінді көрсетіп, Қазақстан жұлдыздары орындаған Қайраттың мәтіндерін тыңдатты. Асқар Қайрат Бекайдарұлының дүниесін ел жадында сақтау үшін келешектегі жоба-жоспарлар да аға тартылды.
https://uniorlib.kz/index.php/kz/2017-07-11-05-27-39/2008-13-a-tar-2026-2#sigFreeIda71a28f7a0
