Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында жасөспірімдердің қатынастары және көпшілік жұмыс бөлімі мен «БОТА» интеллектуалды жастар орталығының ұйымдастыруымен «Жақсылық жиынтығы – әз Наурыз»  атты әдеби-мерекелік  дастархан өтті. Оқырмандарға ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, Наурыз мерекесін жыл сайын  дәріптеп өткізу кітапханада дәстүрге айналған. Бұл мерекеге өнерге таласы бар қаламыздың мектеп оқушылары мен студенттері арнайы шақырылды. 

Шараның басты мақсаты - өскелең ұрпаққа игілікті істерге, бейбітшілікке, бірлікке, ізгілікке, қайырымдылыққа тағы да басқа ізгі істерге шақыратын Наурыз мерекесінің мәні мен маңыздылығын түсіндіріп, оларға мерекелік көңіл-күй сыйлауға арналды.  Іс-шарада ұлттық нақыштағы безендірулермен қоса, «Наурыз шаттық мереке» атты кітап көрмесі мен бейнероликтер көрсетілді.

Әдеби-мерекелік дастархан  «Қарағанды коммерциялық колледжі» ЖМ-ге қарасты «Кербез» халық би ансамблінің «Қара жорға» биімен бастау алып, кітапхана басшысының орынбасары Әсел Серікқызының құттықтау сөзімен өз жалғасын тапты. Бұл мейрамның көркі Серік Ғабиттің орындауындағы «Молдабайдың әнімен» қыза түсті. Көрпешова Айханым мен Терновой Владимирдің ұлттық аспаптағы күйімен қоса, Тойшыбек Ғанибек гитарада, Кишкентай Айсу флейтада шебер ойнай білді. Ал, Рысбекова Инкар, Басуева Айнұр, Мүскінов Ерасыл сияқты талантты жастар әуезді әнмен көпшіліктің ықыласына бөленді. Сонымен қатар, мерекелік кеште  ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа арналған қызықты зияткерлік ойын-викторина да өткізілді.

Осылай кітапханаға жиналған оқушылар мен студенттер Наурыз мерекесіне орай жайылған ақ дастарханнан дәм татып, бір-біріне жылы лебіз білдіріп, жақсы тілектерін айтып, шат-шадыман көңіл-күймен тарады.