Сыйға тартқан кітаптар

 

Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының кітап қоры белгілі ақын - жазушылар мен зиялы қауымның сыйға тартқан кітаптарымен толықтырылды.

 

Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерейтойына тарихшы, өлке зерттеушісі Темірғали Аршабековтың жаңа туындысы "Арқаның Әсет ақыны" атты монографиялық ғылыми еңбегі  жарыққа шықты.

 

Аршабеков, Т.

     Арқаның Әсет ақыны/ Темірғали Аршабеков.– Қарағанды: Tengri ltd.- 2017.-240 бет.

    Әсет Найманбайұлының бірқатар шығармаларына ғылыми-зерттеулер негізінде ақпараттар, мұрағат қорларындағы жазбалар енгізілген. Ақын мұрасының өлең-толғаулары, дастандары мен айтыстары онда әділеттік, әлеуметтік тақырыптарында ғибратты жырлары баяндалған.

 

 

 

 

       Алматы қаласындағы Қ. Мұхамедханов атындағы Білім және мәдениет қоғамдық қорының директоры Дина Мұхамедханқызы әкесі Қайым Мұхамедхановтың әдеби мұрасын сақтау және есте қалдыру ісімен айналысады. Дина Мұхамедханқызына жазушы Қайым Мұхамедхановтың кітаптарын кітапханамызға сыйға табыстағанына шексіз алғысымызды білдіреміз.

 

         Әке мен бала – Мұхамедхан Сейтқұлов пен Қайым Мұхамедханов – Отан патриоттары = Отец и сын - Мухамедхан Сейткулов и Каюм Мухамедханов – патриоты Отечества. – Алматы, 2017. - 120 бет.

        Қайым Мұхамедхановтың әкесі М. Сейтқұлов білімді, алашордашы, ислам уағыздаушысы болған адам. Оның қазақ мәдениетінің белгілі қайраткерлерін қалыптастыру жолындағы еңбегі ерен. Ол көптеген қолжазбалар мен тарихи өлең - жырларды жинақтаушы және мәдени мұраны сақтаушы. Ал, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов қолжазбалар мен мұрағат материалдарын анықтап, сақтап, Абай, Шәкәрім, Әуезов Алаш зиялыларының шығармашылығын зерттеудің тұтастай ғылыми бағытына жол салды.Бұл кітапта әкелі-балалы М. Сейітқұлов пен Қ. Мұхамедхановтың қазақ ұлтының болашағы мен ғылымына қосқан үлесі айшықталады. Сондай-ақ кітапта замандастарының Қайым Мұхамедханов туралы пікірлері, ғалымға арналған өлеңдердің библиографиясы, естеліктер берілген.

 

Мұхамедханов, Қ.

      Хаттар сөйлейді = Письма говорят/Қ. Мұхамедханов. - Алматы, 2016. – 336 бет.

      Ғұлама ғалым Қайым Мұхамедхановқа жолданған хаттар топтастырылған бұл кітап өткен тарих беттерін парақтайды. Бұл кітапта ғалыммен бірге жүрген, бірге еңбек еткен ХХ ғасырдың көрнекті тұлғаларымен хат алмасулары берілген, олар: Ж.Сайын, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, С.Марков, І.Омаров, М.Хәкімжанова, Ә.Тәжібаев, М.Әуезов, Т.Иванова, Д. Снегин, С.Мұқанов, Т.Жароков, С.Машақов, Ш.Мұртаза, Ә.Нұршайықов, М.Төлеуов, Н.Анов, А.Сейдембеков, В.Коротич, Х.Ерғалиев, Е.Жақыпов, А.Тоқпанов, Ж.Бектұров, В.Карпов, Ү.Сұбханбердина және т.б. cонымен қатар, аталмыш кітаптағы қазақ және орыс тілдерінде жазылған хаттарда отандық тарих пен ғылым, өлкетану мен мәдениет туралы, Карлагта өткізген ауыр репрессия жылдары жайлы аса танымдық мазмұнды фактілер келтірілген. Хаттардың тақырыбы да, мазмұны да әр алуан. Бірі ұлы тұлғалардың өмірінен сыр шертсе, бірі ел - жер тарихынан мағлұмат береді.

 

     Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтары Федерациясының өңірлік даму бойынша Вице-Президенті, «EDTECH-KZ» Халықаралық білім беру орталығының бас директоры, психология ғылымының кандидаты, Бейсембаев Ғани Бектайұлы облыс кітапхана қызметкерлерінің біліктілігін көтеру, кәсіби құзіреттілік тақырыбы төңірегінде ұйымдастырылған «Кәсіби құзыреттілік: мақсатқа жетудің құралдары» (психологиялық аспект) - облыстық семинарында «Кітапханашы – психолог: жаңа мүмкіндіктер көкжиегі» тренингін өткізді. «Мамандық таңдау әліппесі - Азбука выбора профессии» атты жас түлекке мамандығын таңдауға бағытталған алғашқы көмекші құралды сыйға тартты.

 

 

Бейсембаев, Ғ.

    Мамандық таңдау әліппесі: жас түлекке мамандығын таңдауға бағытталған алғашқы көмекші құрал /құраст.Г.Тельгазиева, М. Бағыбаева. – Алматы: Айтұмар, 2017. -38 бет.

     Кез-келген адам бақытты болуды армандайды. Ол үшін өмірде екі таңдаудан жаңылмаған дұрыс. Оның бірі мамандық. Әлемде шамамен 50 000, ал Қазақстанда 7 000 мамандықтың түрі бар. Ендеше мамандық таңдау оқушы жастар үшін маңызды іс екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан да біз оны ӘЛІППЕ деп атадық. Бұл, жас түлекті мамандықтар әлемімен таныстыратын алғашқы құрал. Яғни, оқушы үшін мамандық танудың тұңғыш қадамы.

 

    Кітапхана оқырмандарынан құрылған «БОТА» интеллектуалды жастар орталығының белсенді мүшелері болған, қазіргі кезде елімізге танымал тұлға, философ, мәдениеттанушы, абайтанушы, дінтанушы Омар Жәлелұлы "Харекет" кітабын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, журналист Төлен Тілеубай «Тәуелсіздік-тұмарым» атты кітаптарын сыйлады.

 

Жәлелұлы, О.

     Харекет: монография, зерттеу мақалалар /Омар Жәлелұлы.-Астана: Профи Медиа,2016. -512 бет.

   Кітапқа Абайдың «Адам бол – мал тап» қағидатына негізделген, адамды еңбек етуге жігерлендіретін, адами болмыс-бітімін, ар - абыройын сақтап қалудың жолдарын нұсқайтын «Еңбек-рух» атты монография мен қазақы дүниетанымның қайнарынан қанып ішкен ғұламалар (Ясауи, Бұқар жырау, Абай, Мәшһүр Жүсіп,  Шәкәрім) шығармаларындағы Жаратушы мен пенденің, пенде мен дүниенің, пенденің өз-өзімен  қарым-қатынас табиғатын тануға ұмтылған ғылыми  мақалалар мен зерттеулер енген.

 

 

 

   Алаштың айбарлы ақыны, әдебиет әлемінде орны дара драматург, ҚР Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты М.Шаханов «Мұхтар Шахановтың әлем мойындаған шыншыл рухы және ұстанымы» атты кітабын сыйға тартты. Ақындығы мен азаматтығын бір арнада тоғыстырған Мұхтар Шаханов ағамызға зор алғысымызды білдіреміз.

 

    Мұхтар Шахановтың әлем мойындаған шыншыл рухы және ұстанымы/ құраст. З. Әубәкір, С. Ахметова. –Алматы, 2017.-296 бет.

    Мұхтар Шахановтың есімі Біріккен  Ұлттар Ұйымының Алтын кітабына жазылған. Бұл жинаққа Мұхтар Шаханов туралы әлемдік, отандық тұлғалардың, мемлекет, қоғам қайраткерлерінің пікірлері, ақынға арналған жырлар, ақынның ұлт мүддесі, қоғамның көкейтесті мәселелерін көтеретін еңбектері енгізілген.

 

 

 

 

 

      Тілеубай, Т.

        Тәуелсіздік тұмарым/ Төлен Тілеубай.-Астана,2016 -262 бет.

    Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Шабыт» Халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің «Журналистика» аталымының Гран-При иегері, белгілі журналист Төлен Тілеубайдың еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарық көрген бұлжинағына әржылдары қазақ баспа сөзінде жарияланған сұхбаттары, сараптамалық мақалалары және публицистикалық шығармалары топтастырылған.

 

 

 

     Қарағанды қаласының Достық үйінде украин қоғамы Украинада Шевченко күндерінің өтуі аясында ақын және суретші Т. Шевченконың қазақ тіліне аударылған «Кобзарь» кітабының тұсаукесерін өткізді. «Буркек» баспасынан шыққан кітапты қазақстандықтарға  Қазақстандағы Украин елшілігінің бірінші хатшысы Владимир Джиджора табыстады.

 

Шевченко, Т.Г.

      Кобзарь/Т.Г.Шевченко; ред. К. Жумашева. - Чернивици: Букрек, 2014. - 280 бет.

    Бұл кітап Тарас Шевченконың туғанына 200 жыл толуына орай шығарылған. «Кобзарь» кітабы - өз елінің патриоты болған әрбір украин үшін киелі кітап. Украин халқының ерлікке, патриоттық қимылға толы өткен өмірінің көріністері ақын қаламынан қағыс қалған жоқ. Оның «Иван Подкова» (1839), «Тарас түні» (1839), «Гайдамактар» (1841), «Гамалия» (1842) атты поэмалары осы тақырыпқа арналған. Оның шығармалары халықтың азаттық жолындағы күресіне және ерлік рухына толы.

 

 

 

Попов, Ю.Г. Краеведческая деятельность в Казахстане и России (к 80-летию со дня рождения) / Ю.Г.Попов. – Караганда, 2017. – 39 с.

 

Белгілі қазақстандық өлкетанушы, тарихқа берілген адам, нағыз патриот Юрий Григорьевич Поповтың 80-жылдығына орай шығарылған кітапта оның Қазақстанның, Ресейдің тарихи-мәдени мұраларын сақтау жөніндегі қайран қаларлық қызметі көрсетіледі.
Басылымда біздің елімізде және Ресей Федерациясында басылған кітаптар мен мақалалардың, Ю.Г. Попов туралы әдебиеттің библиографиясы, деректі фильмдерге жасаған сценарийлері, 1994 жылы «ИнтерКараганда» телеарнасында көрсетілген «Под небом Сарыарки» авторлық бейнефильмдерінің тізімі беріледі.
Тверь және Псков облыстары бойынша өлкетану материалдарының топтамалар тізімі үлкен қызығушылықты танытады. Барлық материалдар 1994 жылдан бастап 2004 жылға дейінгі мерзім ішінде ізденістер, зерттеулер барысында жинақталған.
Осы кітапты Юрий Григорьевич Поповтың атынан оның ұлы Павел Юрьевич кітапханаға сыйлық ретінде тапсырған.

 

 

Тойжігітов, Әли

Т 49   Өнегелі өмір.-Қарағанды: «Гласир», 2017-348 бет., 200 сурет

ISBN 978-601-7921-13-2

 

Әли Тойжігітов-Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Алтын Сұңқар», «Нұр Сұңқар» сыйлықтарының және «Алтын қалам» сыйлықтарының лауреаты, ҚР Ақпарат саласының үздігі,

ҚР Мәдениет қайраткері тележурналистика саласында 40 жылға тарта еңбек етіп келеді. Осынау аралықта ол Қарағанды телеарнасында көптеген танымалы тұлғалармен кездесіп, арнайы хабарлар дайындап, әңгіме-сұхбаттар өткізді.

Журналист Әли Тойжігітовтың кітапханамызға сыйға тарқан «Өнегелі өмір» кітабының бірінші және екінші бөлімдерінде облысымыздың дамуына елеулі үлестерін қосқан танымал тұлғалардың өнегелі өмірі мен ғибратқа толы ғұмыры әңгімеленеді.Ал үшінші және төртінші бөлімдерде журналистің әдебиет пен көркем шығармалар жайындағы сын-пікірлері, туған жер туралы естеліктері және өмірден түйген ой-пікірлері топтастырылған.Қарымды қаламгердің тілі жатық, оқуға жеңіл кітабы көпшілікке арналған.