21 ақпанда Ж. Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында сирек кітаптар мен қолжазбалар және музей бөлімшесі «Даланың дархан дүлдүлі» атты тарихи кеш өткізді.

Қазақ халқының рухани әлеміне  өшпес із қалдырған,  аласапыран өзгерістерге толы дәуірде дүниеге келіп, қысқа ғана ғұмырын қуғын-сүргінде өткізген, ұлт мәдениетіне мәйекті де мәңгілік үлес қосқан,  дауылпаз әнші, композитор, ақын Мәди Бәпиұлы Алшынбаевтың  2020 жылы  дүниеге келгеніне 140 жыл толды. Мәди –ән құдіреті. Атақты «Үшқара», «Қарқаралы», «Шіркін-ай» әндері қазақ ән әлемінің жарқыраған жұлдыздары. Қыран құстай заңғар биікке самғаған бұл әндерде халқымыздың өршіл рухы, өшпес даңқы, мызғымас мәрттігі айшықты бедерленген.

 Іс-шараға  журналист, жазушы, драматург Қазақстан Республикасы Журналистер конгресі және Қазақстан журналистер одағы сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Ермек Балташұлы,  Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің «Қазақстан тарихы»   кафедрасының аға оқытушысы, тарих докторанты Смағұлов Нұртас Бірлікұлы, қоғам қайраткері, публицист, ақын, еңбек ардагері, Журналистер одағының мүшесі Жазықбаев Ерғазы Сәдуақасұлы,
Қарағанды облыстық тарихи – өлкетану музейінің тарих, археология және этнография бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Тұрсынтай Сұлтан Нұрболатұлы қатысты.  

Кешке қатысқан қонақтар өмір тағдыры соқтықпалы, соқпалы болған, ғұмыр бойы әділетсіздікке қарсы күресіп, азаттықты ту етіп өткен тарлан тұлға Мәди Бәпиұлының өмірі мен шығармашылығы туралы жан-жақты әңгіме қозғады. Журналист Ермек Балташұлы,  Мәди Бәпиұлының өмірі мен шығармашылық жолына қатысты тың деректер мен Мәдидің есімін ұрпақ жадында сақтауға байланысты соңғы жылдары атқарылған шаралар жайлы айтты.

Қарағанды облыстық тарихи – өлкетану музейінің тарих, археология және этнография бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Тұрсынтай Сұлтан Нұрболатұлы «Мәди Бапиұлы мұрасы» атты бейнеролик көрсетіп, мұражайда сақталған Мәди бабамыздың қолданған заттары туралы әнгімеледі.

Кеш барысында «Мәди әншінің фотосы мен видеосы табылды» атты бейнеролик,  Мәди Бәпиұлының өмірі мен шығармашылығы туралы слайд – презентация және Қарағанды гуманитарлық колледжінің студенттерінің орындауында әдеби композиция көрсетілді. Сондай-ақ, Ж. Бектұровтың «Мәдиге» атты жоқтауы, С. Ақсұңқарұлының «Мәди» өлеңі,  Мәдидің әндері «Қарқаралы», «Қаракесек» және  т.б.  орындалды.

 Іс-шараға Тәттімбет атындағы өнер колледжі, Қарағанды гуманитарлық колледжі және Қарағанды «Bolashaq» жоғарғы колледжінің студенттері,  кітапхана оқырмандары         қатысты. Кеш жастар үшін тартымды әсер қалдырды. Қатысушылар арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Библиотека имени Ж.Бектурова (@bekturov_library)21 Фев 2020 в 4:10 PST