Бәсекеге қабілеттіліктің басты көрсеткіші - білім, ал білімнің кәусар бұлағы кітап екені баршамызға мәлім. Болашақ – білімді жастарымыздың қолында. Кітапхана оқырмандарының, әсіресе жастардың ой-өрісін, ішкі дүниесін қалыптастыруда жас ұрпақтың білім алуына Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы да өз үлестерін қосып  еңбек етуде.  

Қазақстанда алғаш рет 2007 жылы бастау алған «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы бойынша биыл үш бірдей кітап: Шәкәрім Құдайбердіұлының "Үш анық", Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» және Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітаптары таңдап алынды.

17 сәуірде 14-00-де Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Бір ел – бір кітап-2018» республикалық акциясы аясында «Адамдық борыш, ар үшін,барша адамзат қамы үшін» атты дөңгелек үстел өтті. 

Музыка залында Қарағанды қаласының «Болашақ» маңызды білім беру колледжі және «Лингва» тіл және аударма институтының қазақ әдебиеті кафедрасының студенттеріне ақын Қуаныш Мақсұт қазақтың ұлы ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығын таныстырды,  өмір жолына көз жүгіртті. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультеті әдебиет кафедрасының аға оқытушысы Жұмагелдин Жанайдар Шәймерденұлы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасымен таныстырып,мазмұнына тереңірек тоқталды. Ж.Бектұров мұражай кабинетінің  меңгерушісі Шпанова Жанат Рымкуловна  Жайық Бектұровтың Шәкәрімге арналған өлеңімен таныстырып кетті.

Оқырмандар  залында жасөспірімдерге қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Жұмағұлова Мейрамгүл Төлеуғазықызының ұйымдастыруымен, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттері және С.Саттаров атындағы №57 мектеп лицейінің оқушыларының қатысуымен қазақ жазушысы, аудармашы, түрколог-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор  Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» атты шығармасына арналған шара өтті. С.Саттаров атындағы №57 мектеп лицейінің қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Қызырова Әсем Берікқызы шығарма мазмұнына тоқталып,жазушының өмір жолымен таныстырды.  10 «Ә» сынып оқушылары, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттері Қадырова Қарлығаш және Кебекбаева Фариза  өз ойларын ортаға салып, шығарма туралы пікірлерін айтты. Олар кітаптың оқырманға беретін тәлім-тәрбиесінің мол екендігін, жастарды төзімділікке, қажырлыққа, адамшылыққа жетелейтінін, шығарманы оқи отырып ойға қалдыратынын жеткізді. «Өр рухты үш тұлға» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, шолу жасалды.