АБДИКОВ ТОЛЕН
Биыл 2023 жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы қазақ жазушысы, драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдіктің шығармаларына арналады.
Төлен Әбдік - қазақ прозасында ерекше қолтаңбасы бар қаламгер. Қазақ әдебиетіне философиялық проза жанрын ала келген белгілі жазушы ретінде танымал.
Ол 1942 жылы 4 қыркүйекте Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Еңбек ауылында дүниеге келген. Төлен Әбдік 1965 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетін бітірген.
1965-70 жылдары «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген. 1970-77 жылдары «Жалын» альманағында бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, 1977-79 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор, 1979-90 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясының орталық комитетінде жауапты қызметте болды. 1990-92 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы болды. 1993 жылдан Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінде сектор меңгерушісі. 1997 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президенті аппаратының ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары.
Шығармалары 1964 жылдан бастап түрлі газет-журнал беттерінде жарияланған. Төлен Әбдіктің алғашқы шығармасы университет қабырғасында көңіліне ұнаған бойжеткенге байланысты жазылған. Замандастарының айтуынша, сол күнде жас та болса сол әңгімесі өз ортасында біраз талқыланып, жақсы бағаланған. Тұңғыш рет 1969 жылы «Көкжиек» әңгімелер жинағы жарық көрді. Одан кейінгі жылдары, «Күзгі жапырақ» (1971 ж.), «Ақиқат» (1974 ж.), «Айтылмаған ақиқат» (1979 ж.) әңгіме, повестер жинақтарын, «Өліара» (1985 ж.), «Ақшоқыда қыс қатты» (1987 ж.), «Парасат майданы» (2002 ж.) романдары жарық көрді. Сонымен қатар қаламгердің әңгіме, повестері орыс тілінде «Истина» (1980 ж., 1981 ж.) деген атпен шықты. Грек аңыздары – «Эллада ерлерін» (1977 ж.) қазақ тіліне аударған. «Біз үшеу едік» драмасы Ғабит Мүсірепов атындағы театрда сахналанған.
Жазушы шығармаларында тіс бата бермейтін маңызды тақырыптар – парасат майданы, ақыл мен азап ауруы, тұлғаның екіге жарылуы, кейіпкердің қарапайым адамдарға тән емес науқаспен ауруы, философиялық болмысты іздеу сияқты күрделі, тың дүниелер қозғайды. Модернизмнің жұрнақтары – қазақ әдебиетінде, соның ішінде Т.Әбдіктің шығармаларында қалай көрініс тапқандығы көрінеді.
2002 жылы «Парасат майданы» жазылған. «Парасат майданы» - жазушының адамзатқа бағытталған жанайқайы; өмірдің тылсым сырына үңілген жанның өзгелерге айтар өсиеті. Төлен Әбдіков бұл философиялық шығармасында қоғамның болашағы үшін қам жегенін, оған жаны ашып, жол сілтемек болғанын байқаймыз. Жақсылық пен жамандықты, жауыздық пен мейрімділікті қатар қойып, кімнің жеңіске жететінін баяндайды.
«Бұл туынды ПЕН-клубтың сыйлығын иеленіп, Халықаралық Франц Кафка атындағы орденімен марапатталды. Халықаралық Ф. Кафка атындағы Қазақстандағы ПЕН клуб сыйлығының лауреаты (2003). Еуропалық алтын медальдің (2003), Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері (2004).
Жазушыға 2002 жылы жазушыға отандық әдебиетті дамытуға қосқан зор үлесі үшін оған «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
2013 жылы Төлен Әбдік «Түркі әлемінің үздік жазушысы» атанды. Түркияның Эскишехир қаласында өткен «Әдеби журналдар редакторларының VI құрылтайында» қазақ жазушысы Т.Әбдікке мәртебелі атақ салтанатты түрде табыс етілді. Қаламгердің шығармалары түбі бір туыс 13-тен астам елдің тілдеріне аударылып, кеңінен таралды. Сонымен қатар 2013 жылы көрнекті еңбегі үшін «Парасат», 2019 жылы ұлттық әдебиеттің дамуына қосқан үлесі бірінші дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған.
Құрметті оқырман! Жазушы Төлен Әбдіктің шығармашылық мұрасымен жақынырақ танысқыларыңыз келсе, Жайық Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының қорындағы әдебиеттерді алып оқуларыңызға болады.
Баршаңызды Төлен Әбдіктің шығармаларын бірге оқуға шақырамыз!
КІТАПХАНА ҚОРЫНДАҒЫ КІТАПТАР
Әбдікұлы, Т. Әке [Мәтін] : повестер мен әңгімелер / Т. Әбдікұлы. - Алматы : Қайнар, 2005.- 384 б.
Әбдікұлы, Т. Оң қол [Мәтін] : повестер мен әңгімелер / Т. Әбдікұлы.- Алматы : Атамұра, 2002.- 351б.
Әбдіков, Т. Өліара [Мәтін] : роман / Т. Әбдіков. - Алматы : Жалын, 1985.- 352 б.
Әбдікұлы, Т. Парасат майданы [Мәтін] : таңдамалы / Т. Әбдікұлы. - Алматы : Раритет, 2012.- 610 б.- (Жаңа заман әдебиеті. Проза).
Әбдіков, Т. Таңдамалы [Мәтін] : роман және повестер / Т. Әбдіков.- Алматы : Жазушы, 1992.- 511 б.
***
Әбдік, Т. Әуезовтің жалғасы [Мәтін] : жазушы Ә. Нұрпейісовтің 95 жасқа толуына орай / Т. Әбдіков // EGEMEN QAZAQSTAN. - 2019.- 22 қазан. - Б.9.
Әбдік, Т. Қажығали - халықтың азаматы [Мәтін] : жазушы Қ. Мұхамбетқалиұлының 80 жылдығына орай / Т. Әбдіков // EGEMEN QAZAQSTAN.- 2022. - 6 желтоқсан. - Б.7.
Әбдік, Т. Қамқоршы [Мәтін] : повесть / Т. Әбдіков // Өркениет.- 2022.- № 4. - Б.3-43.
Әбдік, Т. Құбылыс [Мәтін] : жазушы Д. Исабековтің 80 жасына орай / Т. Әбдіков // ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ. - 2022. - № 39 (7 қазан). - Б.8.
Әбдік, Т. Парасатты прозаның патшасы [Мәтін] : жазушы Т.Әбдіктің 80 жасына орай сұхбаттарынан ықшамдалып алынған ой-толғамдары / Т. Әбдіков // ANA TILI. - 2022. - № 41(13-19 қазан). - Б.5.
Әбдік, Т. Суымаған Достық [Мәтін] : жазушы Б.Нұржекеұлының 80 жасына орай / Т. Әбдіков // ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ. - 2021.- № 7(19 ақпан). – Б. 6-7.
Әбдік, Т. Сол түні қуанғаннан ұйықтай алмадым [Мәтін] : сұхбат жазушы Әбдік. Т / Т. Әбдік ; сұхбаттасқан Б. Сәрсенхан // ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ. - 2021.- № 2 -3 (22 қаңтар). - Б.4.