2024 жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында оқу үшін көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаевтың шығармалары ұсынылды. Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізілген.

Б. Соқпақбаев (15.10.1924 – 24.06.1991) - қазақстандық балалар жазушысы, ақын, сценарист. Алматы облысы Нарынкөл ауданы Қостөбе ауылында туған.

Оның балалық шағының қалай өткені жайлы «Балалық шаққа саяхат» (1960) повесінен білуге болады. Бала Бердібек анасынан 8 жасында айырылды және бұл қайғы оның өмірінің соңына дейін үлкен соққы болды. Соқпақбаев бала кезінде көп қиындық көрді, аштық пен ауыр еңбектің, қиындықтың тауқыметіне ұшырады. Дегенмен, ол өте білікті және қабілетті бала болып өсті. Бердібекті білім атты теңізге ағасы Сатылған әкелді, ол оның білімге деген сүйіспеншілігін тудырды.

Әскери қызметтен соң Б. Соқпақбаев Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітіріп, бірнеше жыл ауыл мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді. Журналистикамен көп айналысты, «Қазақ әдебиеті», «Балдырған» газеттері мен журналдарының редакцияларында жұмыс істеді. «Қазақфильм» киностудиясында редактор болған. Ол үнемі балаларды тәрбиелеудің күрделі мәселелеріне алаңдады. Бердібек Соқпақбаев – білікті мұғалім, тәрбиеші. Содан болар бұл жағдай оның шығармаларының тақырыбын алдын-ала анықтап берді.

Бердібек Соқпақбаев жазушылық қызметін «Бұлақ» өлеңдер жинағынан бастады. Ол 1950 жылы шығып, бірден өз оқырмандарын тапты. Жазушының келесі кітаптары - «Чемпион» повесі 1951 жылы жарық көрді, «Алыс ауылда» (повесть, 1953), «Менің атым Қожа» (повесть, 1957), Балалық шаққа саяхат» (повесть, 1960), «Өлгендер қайтып келмейді», «Сен қайдасың, Гаухар?» (повесть, 1966). 1952 жылдан - Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Соқпақбаев «Менің атым Қожа» атты повестің арқасында танымал болды. Бұл туынды «Детская литература» баспасында шығып, содан кейін орыс тілінен әлемнің 68 тілінде шығарылды. Бұл повесть бойынша «Қазақфильм» киностудиясында көркем фильм түсіріліп, 1967 жылы Канн қаласында өткен Балалар мен жасөспірімдер фильмдерінің халықаралық фестивалінде арнайы жүлдеге ие болды.

Құрметті оқырман! Жазушы Б.Соқпақбаевтың шығармашылық мұрасымен жақынырақ танысқыларыңыз келсе, Жайық Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының қорындағы әдебиеттерді алып оқуларыңызға болады.

Баршаңызды Б.Соқпақбаевтың шығармаларын бірге оқуға шақырамыз!

 

 

КІТАПХАНА ҚОРЫНДАҒЫ КІТАПТАР

 

Соқпақбаев, Б. Қайдасың, Гауһар? [Мәтін] : повестер мен әңгімелер / Б. Соқпақбаев. - Алматы : Жазушы, 1977. - 568 бет.

 

Соқпақбаев, Б. Менің атым - Қожа [Мәтін] : повестьан / Б.Соқпақбаев ; құраст. Е. Манашов. - Астана : Елорда, 1999. - 468 бет.

 

Соқпақбаев, Б. Әжесінің баласы [Мәтін] : әңгімелер мен повестер / Б. Соқпақбаев. - Алматы : Жазушы, 2003. - 240 бет.

Бердiбек Соқпақбаев туралы естелiктер [Мәтін] / құраст. С. Соқпақбаева. - Алматы : Білім, 2005. - 207 бет.

 

Соқпақбаев, Б. Өлгендер қайтып келмейді [Мәтін] : роман / Б. Соқпақбаев. - Алматы : Өнер, 2010. - 480 бет.

 

Соқпақбаев, Б. Өлгендер қайтып келмейді [Мәтін] : роман / Б. Соқпақбаев. - Алматы : Ан Арыс, 2010. - 368 бет.

Соқпақбаев, Б. Балалық шаққа саяхат [Мәтін] : повесть / Б. Соқпақбаев ; құраст. Е. Манашов. - Алматы : Өлке, 2014. - 328 бет.

Соқпақбаев, Б. Шығармалары [Мәтін] / Б. Соқпақбаев. - Алматы : ҚАЗақпарат.

Т.1. - 2014. - 380 б.

Т.2. - 2014. - 381 б.

Т.3. - 2014. - 382 б.