Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы оқу мәселесінің маңыздылығын атап өтті және бұл мәселедегі кітапханалардың мәртебесіне назар аудара отырып, еліміздің барлық тұрғындарының күш-жігерін қазақстандық оқырман ұрпақты тәрбиелеуге шақырды.

Өскелең ұрпақпен диалог құру үшін заманауи трендтерге бағдарланып, жаңа коммуникациялық құралдарды пайдалану қажет. Кез-келген байланыс құралдарының ішінде оқу, әсіресе кітап оқу (баспа түрінде де, электронды түрде де) өте маңызды. Бұл өз кезегінде ұлттық мәдениеттің өзегін сақтаудың, ана тілінің байлығын баптау мен көбейтудің, сөйлеу мәдениетін қалыптастырудың ең қуатты механизмі болып табылады.

Осыған орай, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі 2021 жылды – балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деп жариялады. Бұл балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға тартуға мүмкіндік беріп, олардың жеке басының әл-ауқатына, денсаулығына, әлеуметтік және экономикалық нәтижелеріне оң әсерін тигізетін болады.

Бұл бастама Кітапханалар қауымдастығы мен бірлестіктерінің халықаралық федерациясының (IFLA) президенті Кристина Маккензидің, сондай-ақ Қазақстанның ғылыми және шығармашылық интеллигенция өкілдері мен оқырмандар қоғамдастығының тарапынан қолдау тапты.

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің 2021 жылғы 1 қаңтардағы ресми дерегі бойынша елімізде жас санаты 14 жасқа дейінгі балалардың саны - 5 372 836 адамды (28,5 %), 14 жастан 24 жасқа дейінгі балалар саны - 2 338 969 (12,5%) адамды құрайды. Осылайша, халық санының 41%, яғни жартысына жуығы акцияның қатысушысы бола алады.

Кітап оқуды қолдау бағдарламасын іске асыруға орталық мемлекеттік органдар (білім және ғылым, ақпарат және қоғамдық даму министрліктері), облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері, қоғамдық бірлестіктер мен мәдениет ұйымдары, жалпы кітап сүйер қауым қатысады.