2020 жылдың 30 қыркүйек күні Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасы Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Абай жолы – дана жол!» атты ХIV Абай оқуларын өткізді. Бұл шара елдегі жағдайға байланысты онлайн форматта ZOOM платформасында өтті.

Абай оқулары Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында 2006 жылдан бастап облыстың белсенді, шығармашыл оқырмандарының арасында өткізіліп келеді. Биылғы өткізіліп отырған ХIV Абай оқулары ерекше. Осы 13 жылда облысымыздың талантты жастары Хакім Абайға өздерінің жүрекжарды жырларын арнаған. Кітапхана ұжымы осы жастардың өлеңдері мен прозалық жұмыстарын қабылдап, «Абай жолы – дана жол» деген атаумен жинақ ретінде шығаруды қолға алыпты. Осы шарада сол жинақтың тұсакесері өтті.
Қазақ халқының Ұлы ақыны, ғұлама ойшыл Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасын насихаттау, жастардың бойына адамгершілік және патриоттық тәлім-тәрбиені сіңіру мақсатында ұйымдастырылған шараға Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастығы Жұмакенов Еркебұлан Қайроллаұлы құттықтау сөзімен қатысса, сонымен қатар жинаққа енген жас ақындар, жинақтың алғы сөзін жазған Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Ерқанат Кеңесбеков, «Тіл жанашыры» төс белгісінің иегері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі – Бақытқали Мұсабеков, Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әртістері, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері және Жастардың Интеллектуалды «БОТА» орталығының жастары да қатысты.
Шара барысында Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері күй орындаса, Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арқа сазы» ансамблінің әншісі Ришат Шәбденов «Көзімнің қарасы» және «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» әндерін орындады. Жас ақындар өздерінің ақынға арнаған өлеңдерін оқыды. ХIV Абай оқулары ақынның 175 жылдығына арнайы тапсырыспен жасалған баннер төңірегінде «Ұлт таныған – Ұлы Абай» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, тікелей эфир арқылы ақын ескерткішіне гүл шоғы қойылды.