Жасөспірімдермен жұмыс және көпшілікпен байланыс бөлімі «Едіге батыр» жырын оқу күнін ұйымдастырды. Онлайн форматта өткен оқу күніне қаламыздың мектеп оқушылары мен колледж студенттері белсене қатысты.
Бұл оқу күнін өткізудегі басты мақсат - батырлар жырын жастарға кеңінен насихаттап, үлгі етіп көрсету. Инстаграм парақшасы арқылы тікелей эфирге әріптесіміз Жасарал Құлпынай «Едіге батыр» жырының шығу тарихын айтып, көпшілікке оқу күнінің ашық екендігін жариялады. «Едіге батыр» – батырлық жыр. Тарихта болған атақты батыр, ел билеуші Едігенің ерлік істерін жырлауға арналған. «Едіге батыр» жыры қазақтарда ғана емес, түркі тілдес халықтардың біразында кездеседі. Жырда тарихи оқиғалар мен эпостық-ертегілік сарындағы қиял-ғажайып, әсірелеу сарындары араласа келеді. Эпоста тарихта есімдері мәлім Әмір Темір, Тоқтамыс хан жайлы да сөз болады. Жыр қазақ даласына кең тарап, халықтың сүйікті шығармасына айналған. Жырдың қазақ тілінде бірнеше нұсқасы бар. Олардың ішінде құндылары – Шоқанның әкесі Шыңғыс Уәлиұлы Уәлиханов жазып алған нұсқа. 1905 ж. ғалым П.М.Мелиоранский осы нұсқаны Санкт- Петербург қаласында жеке кітапша етіп шығарды.
http://uniorlib.kz/index.php/kz/2017-07-11-05-27-39/1076-8-kazan-2020#sigFreeIdfd1c1914ea