2022 жылдың 1 наурызында Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері "Қайырымдылық марафоны" жобасы аясында "Қайырымдылық істері жалғасуда" атты көшпелі акциясын ұйымдастырды.

Бұл акция жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп, қарттарға деген қамқорлық, мейірімділік пен құрметтің белгісі болып табылады. Акция "Қарағанды қаласының № 1 қарттар мен мүгедектердің медициналық-әлеуметтік мекемесінде" өтті.

Акция барысында Қарағанды медицина университеті және Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің студенттері мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Жастар өлеңдер оқып, әсем әндер шырқап, би биледі. Сондай-ақ, осы шараға демеушілік еткен "Пиала" дәмханасының меңгерушісі Қаламқас Кәріпбаева дәмді бауырсақтарды тарту етті.

 Сонымен қатар, қайырымдылық акциясына қатысушылар қарттар үйіне кітапхана туралы ақпараттық-жарнамалық парақтарды, әдеби-көркем, ғылыми-танымал журналдар  табыстады.

Бұл қайырымдылық акциясы - риясыз көмек көрсетудің белгісі ғана емес, сонымен қатар әрқайсымыздың жан жылуымен бөлісу қажеттілігін білдіреді. «Алғыс айту» күніндегі мақсаттардың бірі – өскелең ұрпақтың бойында толеранттылық, достық пен бір-біріне деген құрмет сезімдерін тәрбиелеу, Қазақстандағы этносаралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту.