Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасы 03 маусымда сағат 12.00-де Қарағанды қаласының Облыстық балалар клиникасының алаңында «Оқуға құштар оқырман» ашық аспан астындағы жазғы оқу залының ашылуын өткізді.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін бұл іс-шара Қазақстан Республикасы рәміздерінің 30-жылдығына, Қарағанды облысының құрылғанына 90 жыл және Балалар жылына орай ұйымдастырылған.

Мақсаттары мен міндеттері:

  • кітап оқуды алға жылжыту;
  • мәдениет пен өркениетті сақтаудың және дамытудың құралы –кітап оқуға балалар мен жасөспірімдердің жағымды көңіл-күйін қалыптастыру;
  •  еліміздің тарихы, мәдениеті жөніндегі өлкетану әдебиетін насихаттау;
 ақпаратқа еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету.

Жас ұрпақты елжандылық негізде тәрбиелеуде мемлекеттік нышандардың алар орны ерекше. Жасөспірімдерді елінің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеп, құрметтеуге, халқының тегін, тарихын білуге тәрбиелеуде шолулар, викториналар өткізіліп, еліміздің рәміздері туралы әдебиеттер мен альбомдар назарға ұсынылды. Қала тұрғындары жасөспірімдерге қызмет көрсету бөлімінің абонемент қорына келіп түскен жаңа әдебиеттер және мерзімді басылымдармен танысты. Балаларға қызмет көрсету бөлімінің қорынан ертегілер, санамақтар, балалардың логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға арналған кітаптар, музыкалды ойыншық кітаптар жарнамаланды. Сирек кітаптар, қолжазбалар және мұражай жәдігерлері бөлімінің кітапханашылары қаламгер, публицист Ж. Бектұровтың шығармалары, Ж. Бектұровқа сыйға тартқан ақын-жазушылардың қолтаңбасы бар кітаптарын таныстырды. Ақпараттық-библиография бөлім қызметкерлері «Қазақтың мақал-мәтелдері» атты ақпараттық басылымды және Қарағанды облысының 2022 жылға арналған атаулы күндер күнтізбесін оқырмандар назарына ұсынды. Акцияға қатысушыларға кітапхананың буклеттері, бетбелгілері мен визиткалары таратылды.