12 желтоқсан күні №48 жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушылары үшін Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын ақпараттық түсіндіру аясында «Киберқауіпсіздік және жасанды интеллект» атты тренинг өткізілді. Спикер: «Медиасауаттылық үйінің» жетекшісі, «Психология-бизнес-медиа» қауымдастығының вице-президенті Голубцова Т.А.

Татьяна Голубцова оқушыларға киберқауіпсіздік, оның не үшін қажет екені және жасанды интеллектпен байланысы туралы айтып берді. Спикер виртуалды әлемдегі ақпарат ағынынан қажетті деректерді қалай дұрыс іріктеу керектігін, цифрлық ортада өзіңді қауіпке қалай ұшыратпау керек екенін түсіндірді. Тренинг барысында алаяқтардың деректерді ұрлау үшін жалған боттар мен сайттарды қалай пайдаланатыны талқыланды. Сондай-ақ боттардың қауіпсіз немесе қауіпті екенін анықтау үшін олармен қалай дұрыс қарым-қатынас жасау керектігі түсіндірілді. Балалар Интернеттегі қауіпсіздік ережелерімен танысып, виртуалды ортада қандай жеке ақпаратты жариялауға болмайтынын үйренді. «Киберқауіпсіздік: өзіңді онлайн қорға» атты интерактивті квестке қатысу үшін оқушылар 6 командаға бөлінді. Тапсырмалар барысында фишинг, мықты пароль, антивирус, бағдарламаны жаңарту, деректерді шифрлау, VPN сияқты түсініктер қарастырылды. Ең жақсы нәтижеге қол жеткізген командалар сыйлықтарға ие болды.
Іс-шараның соңында кітапханашы тренинг тақырыбына байланысты әдебиеттерді ұсынды. Сонымен қатар ол азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында eGov Mobile мобильді қосымшасының басты бетінде түрлі ұсыныстар мен кеңестері бар ақпараттық баннерлер орналастырылғанын еске салды. Онда күмәнді әрекеттерді қалай анықтау, кибергигиена ережелерін сақтау және цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалану жөнінде мәліметтер берілген. Барлық оқушыларға кітапхана тарапынан «Киберқауіпсіздік және жасанды интеллект» атты жадынама таратылды.