17-ші қыркүйек кітапханамызда Қазақстан халқының Тілдері күніне арналған  «Мәңгілік елдің – Мәңгілік тілі» атты «Білімпаздар» интеллектуалды-танымдық ойыны өтті. Ойынға облыстың бетке ұстар дерлік оқу орындарының ішінен ҚМББ «Болашақ» колледжінен «Болашақ жастары» тобы және  Қарағанды Банк колледжінен «Жастар» тобы, Қарағанды жоғарғы политехникалық колледжінен «Жалын» тобы білім жарыстырып, бақ сынасты. Ойынның ережесі бойынша үш командаға заман талабына сай үштілділікке арналған байқаулар ұсынылды. Ортаға жеребе тасталып, ойынды «Жалын» командасы бастайтын болып шешілді. Алғашқы «Визиттік карта» геймінде – қатысушылар ауызша өздерінің оқу орындарымен, өзінің қызығушылықтарымен таныстырды.  Екінші «Тіл және ұйқас»  геймінде командалар асқан жылдамдықпен өзге тілді өз тіліне аудара отырып, сөздерді ұйқастырды.

Ойынның ең күрделі бөлімі «Қасиетті төрттік» атты 3-ші геймнің тапсырмалары теле-таблоның экранында 4 категория бойынша ұсынылды: «Тіл-әдебиет», «Салт-дәстүр», «Қазақстан» жəне «Тамырлы тарих».

Студенттер əр түрлі сұрақтарға жауап берді. Əр жауапқа қиындылығы бойынша 10 баллдан 50 баллға дейін берілді. Аталмыш бөлімде көптеген күрделі сұрақтарға жауап беріп, осы кезең бойынша 20/80/170 ұпаймен Қарағанды Банк колледжінің «Жалын» тобы алға қарай оза шапты. «Полиглот» 4-ші геймінде әр топқа тең дәрежедегі жұмбақтар ұсынылды. Командалар жұмбақтарды шеше отырып, орыс және ағылшын тіліне аударды. Бұл бөлімде қатысушыларға тілді аудару емес, жұмбақты шешу қиынға түскені айқын байқалды. «Сөз тапқанға...» атты соңғы геймде командалар үшін тіпті қызықты сайыс болды. Үстел үстінен жасырын әріптерді таңдап алған қатысушылар қойылған қарапайым сұрақтарға қолында көрсетілген әріптен басталатын сөздермен жауап берді. Білімнің шыңына таласқан екі топ осы бөлімде бойларын сергітіп, командалар да, көрермендер де жақсы әсер алды. 

Бүгінгі күні  Қарағанды Банк колледжінің «Жастар» командасы 214 ұпаймен жеңімпаз атанды. 130 баллмен ҚМББ «Болашақ» колледжінің «Болашақ жастары» командасы екінші орынға ие болса, үшінші орынды 60 баллмен Қарағанды жоғарғы политехникалық колледжінің «Жалын» тобы иемденді. Ойын жеңімпаздарына диплом берілді, «Болашақ жастары» мен «Жалындықтар» мадақтау қағазымен марапатталды. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға сыйлықтар табыс етілді. Осылайша қоғамда бәсекеге қабілетті «Жас Білімпаздардың» сайысы өз мәресіне жетті.